Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің дара жолы» атты театрландырылған поэзиялық кеші өтті. Желтоқсан оқиғасының қатысушылары — ҚР мәдениет қайраткері, театр әртісі Бейбіт Шәнім, филология ғылым-дарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев және филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина шараның құрметті қонағы болды.
1986 жылғы желтоқсанның ызғарында елдің ертеңі үшін Алматыда алаңға шығып, жазықсыз жапа шеккен жастардың арманы орындалды. Еліміздің қастерлі Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жылдан асты. Алайда, желтоқсан қатысушыларының жүрегіне түскен терең сызаттың орны жазылар емес.
— 1986 жылы алаңға шыққан жастар ешкімнің басын жарып, көзін шығарайын деген жоқ. Жылдар бойы жиналған, ішінде жүрген дүниелерді айту үшін барған еді. Бірақ арты қантөгіс болып, қаракөз қарындастарымыз, ұл-қыздарымыз қыршынынан қиылып кетіп жатты. Соның бәрін көзімізбен көрдік. Кейінгі ұрпаққа тілейтініміз мұндайды көрмесін! Егеменді еліміздің болашағы – жастардың қолында. Білімге терең үңіліп, қазақ еліне қызмет істесін! Әр шаңырақта қызық-қуаныш көп болсын! — деді желтоқсаншы Бейбіт Шәнім.
Зиялы қауым өкілдері және жастардың қатысуымен өткен поэзиялық кеште жас ақындар өлең оқыды. Өнерпаздар – Амангелді Әбдіқадырұлы мен Назымгүл Шапағат Әбиірбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» әнін орындады. Музей қызметкерлері Жанболат Абайхан мен Риза Шарапитова желтоқсаншылар – Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың монологтарын оқыды. Сексен алтының сергелдеңіне түскен жастардың ерлігі еш кетпей, Қазақстан егеменді ел атанды. Шара соңында «Алтын киімді адам» көк туымызды төрге шығарып, мазмұнды кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді. Желтоқсан оқиғасына қатысқан құрметті қонақтарға гүл шоқтары табысталды. Көрермендер назарына Желтоқсаншылардың құрметіне «Ер мен ел» атты көрме ұсынылды.
Т.ӘБІЛДА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.