Облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған нәрестелердің денсаулығы жіті қадағаланады. Десек те, сәбилер саулығын сақтауда шешімін күткен мәселелер де бар. Оның бірі – мерзімінен бұрын туған сәбилер арасында көру қабілетін жоғалтуға әкелетін ретинопатия диагнозының жиілеп кетуі. Биыл демеушілердің көмегімен осы түйткілді мәселе шешімін тауып отыр.
«Самұрық-Қазына» қоры Павлодардағы перинаталдық орталыққа ретиналды камера орнатып берді. Мұндай камера Павлодар облысында жаңа туған сәбилердің көру қабілеті бойынша мүгедектігін төмендетуге мүмкіндік береді. Ретиналды камера «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландырумен облыстық перинаталдық орталығына тарту етілді.
— Біз берген ретиналды камераның көмегімен енді жүздеген сәбиді мүгедектіктен құтқарып қалуға, яғни шала туған нәрестелердің көзін тексеріп, дәл уақытында диагноз қоюға мүмкіндік береді. Балалардың денсаулы-ғына қатысты өңірлік жобаларды қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды басымдықтардың бірі, — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева. Павлодар облысында жыл сайын 10 000-нан астам бала дүниеге келеді. Өңірде соңғы бір жылда 763 сәби мерзімінен бұрын туылған. Мұндай балалардың 40 пайызында ретинопатия – көру қабілетінің толық жоғалуына әкеп соқтыратын ауыр диагноз қойылады. Дәрігерлер перзентханада неонаталдық офтальмологияның қалыптасуына көмектескені үшін «Samruk-Kazyna Trust» қорына зор ризашылығын білдірді. «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Жаңа туылған нәрестелердің ретинопатиясы» жобасын «АЯЛА» қайырымдылық қорымен бірлесіп жүзеге асыруда. 2021 жылдың мамыр айынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта автоматты гипотермия жабдықтарының алты аппараты арқылы 70-ке жуық жаңа туған нәресте құтқарылды.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.