Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтілгенімен, қылмыс саны азаяр емес. Мәселен, тек осы жылдың алғашқы 11 айында аймағымызда 70-ке жуық қылмыс тіркелген. Бұл жөнінде бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов мәлімдеді.
— 2023 жылдың 11 айында департаментте 67 қылмыс тіркелді. Оның 30-ы қазына қаржысын жымқыру, ал 28-і парақорлық фактілері бойынша орын алғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 41 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 15 адам сотталды, – деді Медет Тұрсынтайұлы. Сондай-ақ, ол биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстарын ашу көрсеткіші едәуір артқанын атап өтті. Департамент басшысының айтуынша, мониторинг нәтижелері бойынша өңірдегі жер қатынастары, білім беру салаларын көбірек жемқорлық жайлаған. Сонымен қатар, соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық әрекеттерін әшкере етуге тұрғындар да өз үлестерін қосуда. Биыл осындай оқиға жайлы ақпарат берген 5 павлодарлық ақшалай сыйақыларға ие болмақ. Аталмыш жиында сондай-ақ, жаңа жыл мерекесіне орай облыс орталығында құрылатын шырша мен оны безендіру шараларына қазынадан қарастырылған қомақты қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалауға қатысты мониторинг жұмыстары басталғаны жария етілді.
Н.АҚЫТЕГІ.