Еліміздің шекарасынан автомобиль пункттері арқылы өтіп, өнімді өзге елге тасымалдаушылар бұдан былай бекетте бекер тұрмайды. Кезек күтіп, уақыт жоғалтпайды. Ол үшін Мемлекеттік кірістер комитеті кезекті алдын ала брондаудың пилоттық жобасын іске қосты.
Тасымалдаушылар CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі арқылы автомобильдік өткізу пункттеріне алдын ала брон жасап қояды. Оған қоса, бұл жүйе құжаттарды тексеру процесін автоматтандыруға жол ашады. Ол үшін тасымалдаушылар CarGoRuqsat қосымшасын қолданады.
— Кезегін алдын ала брондауды қалайтын тасымалдаушы https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі арқылы тіркеледі. одан кейін «CarGoRuqsat» қосымшасына кіреді. Өтетін бекетті таңдайды, шекараны кесіп өтетін күні мен уақытын көрсетеді. Сонымен қатар, жүргізуші және автокөлік туралы мәліметтерді толтырады. Өтінімі мақұлданғаннан кейін тасымалдаушы шекарадан өту үшін уақытылы жетуі тиіс, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Галина Бирюкова. «CarGoRuqsat» жүйесі шекарадан өту барысының жедел әрі ашық болуын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сондай-ақ, жүк көліктерінің бекеттерде ұзын-сонар кезекке ұшырамауына ықпал етеді, дейді мамандар. Ал мемлекеттік кірістер органдарына тәуекелдерді басқару жүйесін автоматты түрде қолдануға мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда электронды кезекті брондау жүйесі Қазақстанның Қытаймен, Өзбекстанмен және Түркіменстанмен шекарасында сәтті жүзеге асуда. Ал «CarGoRuqsat» пилоттық жобасы қазіргі таңда келесі автомобильдік өткізу пункттерінде іске қосылады. Ақтөбе облысындағы «Қарашатау» және Абай облысындағы «Жазкент» автомбильдер өтетін бекеттерде онлайн брондау 2024 жылдың 15 қаңтарынан басталады. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы «Үбі» және Батыс Қазақстан облысындағы «Ақсай» пункттерінде бұл жүйе келесі жылдың 31 қаңтарында іске қосылады. Павлодар облысындағы «Найза» және Қостанай облысындағы «Обаған» бекеттерінен өтетін тасымалдаушылар 2024 жылдың 15 ақпанынан бастап кезекті алдын ала брондап, өтуіне болады. Атырау облысындағы «Құрманғазы» бекетін кесіп өтетіндер жобаның игілігін 30 сәуірден бастап көре алады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.