Санаулы күндерден кейін, яғни есігімізден енгелі отырған 2024 жылдың қаңтар айында талапкерлер үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) алғашқы кезеңі басталмақ. Бірден айта кетерлігі, бұл жолғы сынаққа жоғары оқу орындарының ақылы топтарында білім алғысы келетін ұл-қыздар бақ сынайтын болады. Сонымен, алдағы тестілеу жүйесінде қандай өзгерістер болады? Талапкерлер нені білуі тиіс? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрелік…
Грант иеленуге — 2 мүмкіндік!
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, биыл да мектеп бітірушілер 5 рет ҰБТ тапсыруға құқылы. Яғни, қыс, көктем, жаз айларында 3 рет ақылы оқуға түсу үшін сынақ тапсырса, мамыр-шілде айлары аралығында білім грантын иелену үшін негізгі тестілеуден өтеді. Сөйтіп, аталған білім додасында алған балл саны бойынша талапкерлердің тағдыры шешілетін болады. Жоғары ұпай жинағандар қалаған мамандығының иесі атанып, білім грантын жеңіп алады. Ал аздау балл алғандарға конкурс бойынша қосымша таңдау жасаған мамандықтарына оқуға түсу мүмкіндігі берілмек. Өкінішке қарай, шектік деңгейден өте алмаған жастардың жоғары оқу орындарына баруына жол жоқ. Сондықтан олар колледждер мен басқа да арнайы орта білім беру мекемелеріне құжаттарын тапсырып, көңілі қалаған кәсібін меңгеріп шығуларына болады. Мамандардың айтуынша, келесі жылы ҰБТ-ға бірнеше өзгеріс енгізілмек. Төменде соларға тоқталып өткенді жөн көрдік.
Тапсырма саны көбейеді
Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері 2024 жылы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгеретінін, бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылатынын айтады.
— ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екі пән талапкердің таңдауы бойынша алынады. Алайда «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру, олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы болып табылады, — дейді Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязова. Осылайша, ҰБТ тапсыр-маларының саны өзгеріссіз қалады. Жалпы саны — 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» — 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша әрқайсысынан 40 тапсырма болады. Тестілеудегі ең жоғары балл 140 болып қалады.
Шекті балл төмендейді
Тестілеудегі тағы бір өзгеріс — 2024 жылдан бастап екі міндетті пән бойынша шекті балл саны төмендейді. Мәселен, бұған дейін тест тапсыратын барлық пән бойынша шекті балл 5 болып бекітілген еді. Енді келесі жылы математикалық сауаттылық пен оқу сауаттылығынан шекті балл 3 болып өзгертілді. Ал Қазақстан тарихынан –
5 және екі бейіндік пәндердің әрқайсысынан кемінде 5 ұпай жинау керек. Мамандар тестілеу жүйесіндегі бұл жаңашылдықтар екі міндетті пәндердегі тапсырмалар санының 5 сұраққа қысқартылуымен байланысты екенін алға тартуда. Павлодар қаласындағы ҰБТ орталығы филиалының жетекшісі Сәния Ниязованың айтуынша, тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт ұсынылмақ.
Тағы бір пән қосыла ма?
Бұл сұрақ шығармашылық емтихан тапсыруды жоспарлап жүрген барлық талапкерді толғандыруда. Себебі, бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында 2024 жылдан бастап шығармашылық мамандықты таңдаған талапкерлер үшін тестілеуге тағы бір міндетті пән – «Математикалық сауаттылық» қосылатыны жайлы ақпарат таратылған болатын. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары әзірге мұндай өзгеріс болмайтынын алға тартты. Осылайша, бұдан былай журналистика, дизайнер, сәулетші, суретші және басқа да шығармашылық бағыттағы мамандықтарды таңдаған талапкерлер бұрынғыдай екі міндетті пән – «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» және екі шығармашылық емтихан тапсыратын болады.
Қолдаудан қапы қалма!
Қазіргі таңда келесі жылы мектеп бітіретін түлектерге қолдау көрсету мақсатында ұлттық тестілеу орталығының ұйытқы болуымен тегін онлайн сабақтар жүргізілуде. Аталмыш орталық директоры Руслан Емелбаев талапкерлерді бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуге шақыруда.
— Құрметті 2024 жылғы түлектер! Ұлттық тестілеу орталығы төрт жыл қатарынан республикалық білім беру орталықтарымен бірлесіп, арнайы ҰБТ тапсырушылар үшін тегін онлайн сабақтарды ұйымдастырып жатыр. Биыл сабақтар 20-дан астам орталықтың қолдауымен 20 қарашадан тура ҰБТ өтетін күнге дейін тікелей эфирлерде ұсынылады. Кестемен әр дүйсенбі @testcenterkz парақшасында таныса аласыздар. Естеріңізге сала кетейін, ҰБТ-ға дайындықтарыңызды жақсарту мақсатында оқу жылының басында біз тест спецификациясы мен жоспарын, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша 100 датаны, «Информатикадан» терминдер, «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиетінен» шығармалар тізімін жарияладық, сондай-ақ онлайн байқау сынақтарын іске қостық. Қапы қалмаңыздар! — деп жазды орталықтың директоры инстаграмм әлеуметтік парақшасында. Біз де түлектерге мұндай қолдаудан құр қалмай, барлық мүмкіндікті жіберіп алмаңдар, дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.