Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірінде көкжөтел (коклюш) ауруының аяқ астынан көбейіп кеткені жайлы ақпараттар таратылуда. Өкінішке қарай, аймағымыздағы жағдай да сын көтермейді. Әсіресе, балалар жапа шегуде. Ақ желеңділер бұл ауру асқынған жағдайда соңы өлімге дейін әкеліп соғатынын айтып, ата-аналарға жұқпалы індеттен балаларды қорғау керектігін ескертуде. Ол үшін нені білуіміз керек? Жалпы, көкжөтелдің алдын алу және емдеу жолдары қандай? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационары бойынша директордың орынбасарының міндетін атқа-рушы Әсел Алдоңғарқызы Байғанова жауап береді.
— Әсел Алдоңғарқызы, соңғы уақытта елімізде көкжөтелмен ауырған балалар көбеюде екен. Облыстағы жағдай қалай?
— Иә, бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірінде көкжөтел ауруы тіркелуде. Биыл біздің аймағымызда да аталған індетті жұқтыру оқиғасы көбейді. Мәселен, өткен жылы павлодарлық балалар арасында мұндай дертке шалдыққан бірде-бір жағдай тіркелген жоқ еді. Ал ағымдағы жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасының жұқпалы аурулар стационарында осы аурудың диагнозы қойылған 31 бала ем алды. Зертханалық талдау нәтижесі олардың барлығы көкжөтелмен ауырғанын растады.
— Бұл ауру қалай жұғады және белгілері қандай?
— Жалпы, көкжөтел — тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруы. Дерттің қоздырғыштары — «Bordetella pertussis» деп аталатын специ-фикалық бактериялар болып табылады. Ол адам ағзасына ауа тамшылары арқылы беріледі. Бұл індет циклды ағыммен өтіп, кеңірдек, көмей, бронхылардың шырышты қабығын зақымдайды. Аурудың алғаш жұғу сәті катаральды кезең деп аталады. Оның ұзақтығы 3-14 күнге дейін созылады. Басты белгісі – тоқтаусыз қатты жөтелдің пайда болуы. Мұндай кезде кейбір науқаста дене қызуы мүлдем көтерілмейді, ал кейбіреулерде субфебрильді температура (37-37.5С) сақталып тұрады. Бұдан кейін, яғни екіншісі — ұстамалы жөтел кезеңі басталады. Ол 3-8 аптаға дейін, кейбір жағдайда одан да көпке созылып кетуі мүмкін. Ұстамалы жөтелдің ерекшелігі — катаральді кезеңдегі жөтел өзгеріп, күшейіп, тыныс алудың қиындауы, булығу пайда болады. Қатты жөтел кезінде баланың беті қызарып, тілін сыртқа шығарады. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыздың ісінуі сынды белгілер байқалады. Тіпті, көзге де кері әсерін тигізіп, конъюнктива астына қан құйылулар болуы мүмкін. Ал көкжөтел көпке созылып, асқынып кетсе, қайғылы жағдай орын алуы ықтимал. Әсіресе, 1 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті.
— Биыл көкжөтелдің көбеюіне не себеп?
— Бала өзінен-өзі ауырмайды. Көп жағдайда көкжөтел ересектерден жұғады. Егер үлкендер ұзақ уақыт жөтелсе, демек, ол көкжөтелмен ауырды деген сөз. Бірақ бұл сырқат оларда жеңіл өтетіндіктен көбі созылмалы жөтелін елемей жүре береді. Салдарынан балалар зардап шегуде. Оның үстіне қазір ауа райы да жылы тұрғандықтан адамдар көп қыдырады, қоғамдық орындарға жиі барады. Бұл жағдай да ауру таяқшаларының ауа тамшылары арқылы тез таралуына ықпал етуде. Сонымен қатар, соңғы кездері екпе алудан бас тартатындар көбейді. Соның әсерінен де жұқпалы ауруларды жұқтырғандар қатары артуда. Негізі, аурудың алдын алу үшін халықтың 95 пайызы екпе алуы тиіс. Ал бүгінде еліміздегі екпе алғандар саны 80 пайызға да жетпейді. Жалпы, соңғы рет Қазақстанда көкжөтелдің көбею жағдайы 2018 жылы, оның алдында 2015 жылы тіркелді. Яғни, осы кезеңде де егілгендер санының азайып кеткені байқалады.
— Жұқпалы індеттен сақтанудың жолы қандай?
— Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – көкжөтелге қарсы екпе егілу. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айта кеткен жөн. Яғни, егілген балғындар аталған індетпен сирек ауырады әрі жұқтырған күннің өзінде жеңіл түрде өтеді. Керісінше, егілмеген балалар арасында көкжөтел ауруын жұқтыру көрсеткіші жоғары. Сондай-ақ, олардың ауруы да созылып, ұзақ уақыт емдеуді қажет етеді. Мұндайға жол бермес үшін уақытында екпе алу керек. Мәселен, биыл осы дертті жұқтырғандардың дені егілмеген балалар екені анықталды. Сонымен қатар, көптен бері жөтеліп жүрген адамдардан сақтану қажет. Оларды оқшаулап, көкжөтел таяқшасының бар-жоғын анықтап, ауруын асқындырмай емдеген жөн.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.