Ақтоғай ауданы Ақжол ауылында Gold Qus құс бөдене шаруашылығы ашылды. Кәсіп иесі алдағы уақытта жұмысын одан әрі кеңейтіп, құстардың санын елу мыңға дейін жеткізуді жоспарлауда.
Жақында бөдене шаруашылығын ашқан кәсіпкер Оралбай Әшіров Оңтүстік Қазақстанның Түркістан облысы, Шымкент қаласында 1982 жылы дүниеге келген. 2019 жылы «Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасы аясында отбасымен Ақтоғай ауданы Ақжол ауылына қоныс аударды. Келген соң фермер қожалығын ашып, ірі қара мал мен ұсақ мал өсірумен айналысады. Осы аралықта Оралбай отбасымен ауылдың қоғамдық іс-шараларына белсене қатысып, адамдық пен азаматтығын қатар танытады. 2023 күзден бастап бөдене сатып алып, Gold Qus құс бөдене шаруашылығын ашады.
— Көшіп келгенде жеке кәсібімізді дамыту үшін Үкіметтен жер берілді. Бұл — нөлден басталған кәсіп. Биыл күзде арнайы ғимарат сатып алып, істі төрт мың жұмыртқамен бастадым. Айта кетерлік жайт, құстарға құрамы таза, халал сертификаты бар Жамбыл облысынан әкелетін жем беріледі, – дейді Оралбай Әшіров. Кәсіпкер бөдене жұмыртқасы адам иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол болғандықтан, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді.
— Бөдененің еті мен жұмыртқасы – мың түрлі дертке дауа, адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Жұмыртқасының дәмі тіл үйіреді әрі тойымды, құрамында кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда А және D дәрумендері екі есе көп саналады, – дейді ол. Істің басын 4000 бөденемен бастаған Оралбай тұрғын үй сатып алып, болашақта бөдене етін пайдаланып, халыққа ұсынуды жоспарлап отыр.
Өз тілшіміз.