Бұған дейін елімізде алғаш рет ауыл балаларына арналған республикалық пән олимпиадасының ұйымдастырылатыны жөнінде хабарлаған едік. Жақында Астана қаласында өткен аталмыш білім додасы өз мәресіне жетті. Оған облысқа қарасты елді мекендерден 10 оқушы қатысып, төртеуі жүлделі орындармен оралды.
Ауыл балаларына арналған республикалық білім сынына алыс-жақындағы мектептердің 9-11-сыныбында оқитын 1 мыңнан астам оқушы қатысты. Олар математика, информатика, физика, химия, биология, география сынды жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша күрделі тапсырмаларды орындап, білімдерін сарапқа салды. Олимпиада бес базада, яғни Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Astana IT University, Әлихан Бөкейхан атындағы Віnom School, Radisson Astana Hotel және «Думан» қонақ үйінде өтті.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша тек қана ауылдық оқушылар арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиада 2023 жылдың қараша айында бастау алған болатын. Содан бері тынымсыз дайындалып, қабілет-қарымын шыңдаған шәкірттер үлкен сында жүзден жүйрік атанып, өз аймақтарының намысын абыроймен қорғай білді. Олардың қатарында павлодарлық оқушылардың да бар екенін мақтанышпен атап өткен жөн. Сонымен, «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, аталған сынаққа облыс атынан 10 оқушыдан тұратын команда қатысқан. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Павлодар қаласының ауылдық аймағына қарасты №40 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Максим Комаров биология пәнінен үздік нәтиже көрсетіп, І орын иеленді. Ал Тереңкөл ауданындағы Песчан №1 жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Анна Чоп химия пәнінен ІІ орын алды. Сондай-ақ, жүлделі ІІI орынды Ақтоғай ауданындағы Қ.Ыдырысов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Ақбота Файзулла (география пәні) мен Успен ауданындағы М.Жұмабаев атындағы мектептің 11-сынып шәкірті Вероника Короткова (математика пәні) олжалады.
Астанадан олжалы оралған-дардың бірі ақтоғайлық Ақбота Файзулла білім бәсекелерімен қатар, спорттық сайыстарда да жоғары жетістіктерге жетіп жүр.
— Ақбота – оқу озаты, мектебі-міздің мақтанышы. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын шәкіртіміз таңдау пәні ретінде де географияны таңдады. Осы сабаққа ерекше ден қойып, барлық бағдарламаны тағы бір қайталып, үнемі ізденісте жүретіндіктен аталмыш олимпиада алдында біліміне нық сенімді болды. Сөйтіп, жүлдегер атанды. Мұндай бәсекелер оларды ынталандырып, жігерлендіре түсетіні анық. Қазіргі таңда қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасын бірдей деңгейге жеткізуге, ауыл-аймақта білім алып жүрген жеткіншектерді қолдауға баса көңіл бөлінеді. Бұл олимпиада – соның бір айғағы. Атап өтер тағы бір жайт, Ақбота – жан-жақты шәкірт. Біліммен қатар, спортты серік етіп, шахмат, қазақ күресінен өтетін жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ауыл оқушыларының олимпиадасынан бірнеше күн бұрын ғана қазақ күресінен жастар арасындағы облыстық іріктеу чемпионатында топ жарып, республикалық сайысқа жолдама алған болатын. Өнерден де құр алақан емес. Ұлттық аспабымыз – домбыраны қолға алып, сахналарда шығармашылығын шыңдап жүр, — дейді оқушының ұстазы, Қ.Ыдырысов атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Күнсұлу Сманова.
Айта кетерлігі, олимпиада жеңімпазы атанған Максим Комаровқа Торайғыров университетінің білім гранты табыс етілді. Сонымен қатар, оған осы жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың финалдық кезеңіне қатысу құқығы берілді.
Республикалық білім сынының барлық қатысушысына сертификаттар және естелік сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Атап өтерлігі, барлық қатысушы республикалық «Дарын» сырттай оқу мектебіне қабылданады. Жеңімпаз атанған шәкірттер 2024 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды.
Нұржайна ШОДЫР.