Актерлік талантымен, өнерінің даралығымен көзге түскен, талай-талай драмаларда тарихи бейнелерді сомдап, сан алуан қырымен танылған театр актері Талжібек Атамбек биыл 60 жасқа толып отыр.
1990 жылы Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры ашылғанда өнер шаңырағына Талжібек Жұмаділқызы алғашқылардың бірі болып қызметке шақы-рылды.
Ол театр шымылдығы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклімен ашылғанда, ондағы Айман бейнесін сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» операсында — Жібек, Әбділдә Тәжібаевтың «Майрасында» — әнші Майра, И.Кальманның «Сильвасында» — Сильва, У.Гаджибековтің «Аршин Мал-аланында» — Жихан, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасында Гүлбаршын, А.Царелидің «Ханумасында» — Ханума, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланында» — Қорлан, т.б. көптеген рөлдерді шебер орындаушылықпен театр сахнасында сомдап, сахнадағы образдарының табиғи-лығымен көрермендердің жүрегіне жол тауып жүр.
Талжібек Атамбек әр жылдары өнер ордасы — театр ұжымымен бірге Ресейдің Мәскеу, Ленинград, Омбы, Новосібір қалаларында, Қазақстанның Алматы, Астана, Қызылжар, Талдықорған қалаларына сапар шегіп, өнер көрсетті.
Халықаралық жастар шығармашылық «Шабыт» фестиваліне және Каир қаласында өткен VII халықаралық экспериментальдік театрлар фестиваліне, Түркия елінің Кония қаласында Дүниежү-зілік түркі тілдес халықтардың фестиваліне қатысып, лауреат атанғаны да ұжымдағы ізденіс іздерін аңғартатыны сөзсіз.
Талжібек Жұмаділқызы 1964 жылы 26 қаңтарда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Лесновка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына оқуға түседі. Ал 1986 жылы Серке Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық музыкалы драма театрының бас режиссері Жанат Хаджиевтің арнайы шақыруымен осы театрда алғашқы қызметін бастайды.
Театр сахнасында бірнеше басты рольдерде ойнап, өзінің табиғат сыйлаған шынайы өнерімен көрермендердің көңілінен шығып, ықылас-ілтипатына ие болады. 1992 жылы Павлодар қаласында өткен «Драма әртістері ән салады» атты республикалық әншілер фестивалінің ІІІ дәре-желі лауреаты, 2004 жылы Сәкен Жүнісовтің 70 жасқа толуына арналған республикалық театр фестиваліне «Қызым, саған айтам…» спектаклімен қатысып, Рәзия рөлі үшін «Аса үздік актер шеберлігі» номинациясына ие болды.
Актриса ұзақ жылғы еңбегі үшін «ҚР мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай медальмен марапатталған. Өмірдің асқаралы асуына қадам басқан өнер иесін мәртебелі мерейтойымен құттықтай отырып, деніңіздің саулығын, отбасының аман-дығын, қызыққа толы ғұмыр кешіп, көпшіліктің ыстық ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз.
Сәуле Арынғазина, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өнер бөлімінің меңгерушісі.