Павлодар қаласында әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз азаматтарға тұрғын үй сертификаттарын үлестіру үрдісі биыл да жалғасын таппақ. Жуырда қала әкімдігі сертификаттар беруге құжаттар қабылдау басталғанын жариялады. Мұндай көмек кімдерге беріледі? Оны алу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет? Қаржылай қолдаудың көлемі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Нұргүл Оспанова жауап береді.

— Нұргүл Текежанқызы, алдымен, тұрғын үй сертификаттарын қандай санаттағы азаматтар алуға құқылы екеніне тоқталсаңыз…

— Бұл санатқа мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар кіреді. «Алтын алқа», «Күміс алқа»-мен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» бар көпбалалы аналар, сонымен қатар көпбалалы отбасылар қатыса алады. Толық емес отбасылар, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласында сұранысқа ие мамандар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер жатады. I және II топ мүгедектігі бар адамдар, кәмелет жасына толғанға дейін ата-аналарынан айырылған, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Өзге мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері де — үміткерлер санатында.

— Ал осы санаттағы азаматтар тұрғын үй сертификатын алу үшін не істеуі керек?

— Тұрғын үй сертификатын алу үшін алдымен олар тұрғын үй кезегінде тұруы шарт. «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары бойынша баспана алу конкурсына қатысуы керек. Банк азаматқа пәтер сатып алуға ипотекалық тұрғын үй несиесін беруді мақұлдағаннан кейін сол туралы хатты алып, өтініш беруші қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінеді.

— Демек, жоғарыда аталған санаттарға жататын азаматтар тұрғын үй бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында ипотекалық несиесі мақұлданғаннан кейін сіздерге келеді. Бұл кезеңнен өткен тұрғындар қандай құжаттар тапсыруы тиіс?

— Арнайы нысандағы өтініш толтырады. Өтінім берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар ұсынуы керек. Мұнда өтінім берушінің жұбайының, кәмелет жасына толмаған балаларының құжаттары тапсырылады. Еңбек және кәсіпкерлік қызметі бойынша соңғы 6 айдағы кірісі туралы анықтама қажет. Яғни, отбасының барлық өкілдерінің табысы ескеріледі. Жұмыс орнынан анықтама талап етіледі. Екінші деңгейлі банктің ипотекалық тұрғын үй несиесін мақұлдағаны туралы хат тапсырады. Бұл хатта баспананың құны, бастапқы жарнасының көлемі, ипотекалық тұрғын үй несиесі бойынша ай сайын төленетін төлем сомасы көрсетілуі тиіс.

— Тұрғын үй бағытындағы көмектің көлемі қандай?

— Тұрғын үй сертификаты қаламызда 2019 жылдан бері беріліп келеді. Былтыр 220 сертификат үлестірілді. Биыл сертификаттың мөлшері баспананың бастапқы жарнасының 100 пайызын құрайды, алайда, ол сома әлеуметтік көмек ретінде 1 500 000 теңгеден аспайды.

— Енді өтінім берушілердің табысына қатысты қандай талап барын айтып өтсеңіз…

— Тұрғын үй сертификаты – бұл әлеуметтік көмек. Сондықтан, отбасының кірісі ескеріледі. Өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің, яғни, жұбайының, кәмелетке толмаған балаларының соңғы алты айдағы орташа кірісін отбасының әрбір мүшесіне бөлгенде айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспауы тиіс. Бұл жерде зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдарсыз есептеледі. 2024 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі — 43 407 теңге. Демек, ай сайынғы табыс әр жанға шаққанда 134 562 теңгеден артық болмауы шарт.

Кеңес алу үшін тұрғындар Кривенко көшесі, 25 мекен-жайындағы «Open Pavlodar» фронт-кеңсесі мамандардың көмегіне жүгіне алады.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан –
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.