Өмірбұл бір зат емес, жолда келе жатып түсіріп алсаң, қайта барып, алып кете алмайсың. Шыныменақ, адам затын жоғалтса, қайта таба алады не орнын толтыра алады, ал өмірді тоқтату, не кері шегіндіру мүмкін емес. Тек өмірді қайта жаңғыртпаса да жалғау болатын алтын арқауол жақсының аты, ғалымның хаты.

 

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегендей, артыңнан ізіңді басып келе жатқан ұрпақ үшін өмір атты ұлы сынақтағы қателіктерің мен жетістіктеріңді қағаз бетіне түсіріп үлгеріп кетсең қандай жақсы! Бәлкім, осындай ойдың желісінде ме, арқа сүйер ағамыз Мұқаң бір күні маған өткен өміріне ой жүгіртіп, қалам тербеп отырғанын айтты:

– Иә, бауыры, келу бар да, кету бар, қайран Мұқағали айтқандай, «Пендеміз ғой біз, пендеміз. Кету үшін келгенбіз». Алланың берген жасын жасап, тоқсанның екісіне де келіп қалыппын. Менің бір үлкен арманым бар еді, өзімнен бұрынғы өткен ізгі буын мен замандастарымыздың өмірі мен тарихының басын қосып, бір мұражай жасап, соңғы буынға қалдырып кетем бе деген. Сол арманыма жеттім, кентімізде мұражай да ашылды.  Енді, осы сәтте өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, қаншама жылдар бойы жинаған естеліктерімнің басын қосып бір кітап шығарайын деген ойым бар, – деп.

Ағамыздың біраз жасқа келсе де төзімділігімен, ынтасымен, ұқыптылығымен жинаған өмірлік жинақтарының, фотосуреттерінің, жазған мақалаларының, замандастарына арнаған құттықтаулары мен арнауларының өте көптігіне таң қалдым. Барлығы реттеліп, қатталып, папкаларға салынып, альбомдарда түптеліп, сөрелерде самсап тұр. Фотосуреттер демекші, ағамыздың көп жылдар бойы жинаған фотосуреттері алдымен ардагерлер үйінің қабырғасын толтырды. Көптеген мекеме басшылары Майқайыңға қатысты тарихи суреттерді Мұқаңның мұрағатынан тауып, ғимараттарының төріне ілді. Ал, ең бастысы бұл фотожәдігерлер жуырда осы Мұқаңның бастамасымен және сол кісінің еңбегімен ашылған Майқайың мұражайының негізі болды. Жасы жүзге бет алған ардагер ағаның белсенділігі мен мұқияттылығына тәнті бола отырып, кітабына мен өз ойымды қосуым керек екенін түсіндім. 30 жылға жуық имамдық қызмет жасаған уақытымда ақыл айтатын ағаларымның бірегейі, жанымда бірге болған ағамыз Мұқаң туралы ойымды бөлісу інілік парызым деп, қаламымды қолыма алдым.

Сонымен, менің көзқарасымдағы Әбенов Мұхтар Зәпішұлы кім?!  Қаламды қолға алсам да, қиынның қиыны өзіңнен білдей 30 жас үлкен ағаның өміріне баға беру екен. Осы ретте марқұм әкем Солдат Рақметұлының 21 жыл бұрын Мұқаңның «Баянауылдың құрметті азаматы» атағын алғанда жазған өлеңі сап етіп есіме түсе кетті. Өзінен 5-6 жас үлкен ағасына әкем марқұм «Жасай берші, Мұхтаржан, асқар тауым» деп өлең жолдарын арнапты. Әкемнің ағасына беріп кеткен бағасы – осы өлең жолын ой-толғауымның үстіне қонжита қойдым.

Мұқаңның 60 жыл алдыңғы өмірінің барлық сәулелі шақтарын толық білмеймін, дегенмен ол кісінің жақсы қасиеттерін етене араласып өмір сүріп келе жатқан 30 жылда жете тани бастадым. Кейде жанымыздағы адамдарды бір ғана қырынан көріп, бір ғана мінез-құлқын танып, ұшқалақ баға беріп жататын жайымыз бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жақсы адам дегеніміз – мүлде жамандығы жоқ адам емес, жамандығынан жақсылығы көбірек болған адам» – деген көзқарасымен қарайтын болсақ, сонда ғана жанымызда жақсы адамдардың көп екенін түсіне бастаймыз. 30 жылда Мұхтар Зәпішұлының өмірінің әр қырынан түйгенім – белсенділігі.

Зейнеткерлікке шықса да тыным таппады, қоғамның әр саласында үнемі алдыңғы қатарда бой көрсеткен Мұқаң кентімізде жасалған көптеген жобалардың бастамашысы болды. Мысалы, 1996-97-жылдары Майқайыңды аяқтан тұрғызуға күрес, №1 мектепке жаңа ғимараттың салынуы, мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі, аурухананың күрделі жөндеуден өтуі, Майқайың өлкетану мұражайының ашылуы, т.б. іс-шаралардың бастаушысы болды. Кентіміздің мешітінің жұмысының жақсаруына атсалысып, мешіт ғимаратын жөндеуден өткізу, асханасын пайдалануға беруге имаммен бірге аудан әкімі, «Қазақстан алюминийі», «Майқайыңалтын», «Керегетас» өнеркәсіп мекемелерінде болды. Ағамыз қазағымның біртуар арыстары, атақты ғалым, жазушыларымыз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтердің Баянауыл, Майқайың өңіріне келгендегі оқиғаларын баспасөз беттерінде баяндап, олардың облысымызға, ауданымызға және кентіміз Майқайыңға тигізген пайдаларын, көмектерін ешқашан ұмытуымызға болмайды деп насихаттады. Ағамыздың республика, облыстағы ел басқарған азаматтарға жазған хаты, қайта-қайта қойған тақауырының нәтижесінде, майқайыңдықтардың білімінің қара шаңырағы болған №1 қазақ орта мектебі қазір Мұхтар Әуезов атындағы мектеп болып аталды. Қаныштай ғалымның аруағын құрметтеген ағамыз Майқайың өлкетану мұражайының төріне оның ең үлкен портретін ілгізді. Ендігі арманым – Қаныш Имантайұлының туған ауданында бір өндіріске ғалымның есімін бергізу, – дейді Мұқаң ағамыз.

Өзі басқарған Майқайың ардагерлер кеңесін республикамыздағы алдыңғы қатардағы ұжым ретінде сан рет мәртебесін көтерді. Зейнеткер аға-апаларымыздың арасында «Сымбат», «Ивушка», «Ялқын» өнерпаздар тобын құрып, өнерлерін елге, облысқа паш етті. Ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болып, «Сарыарқа самалы», «Звезда прииртышья», «Баянтау» газеттерінде майқайыңдықтардың сан рет мәселесін көтеріп, мақалалар жазып, осы газеттер арқылы ауылдас-тарымыздың қайғысы мен қуанышын бөлісті.

Ағаның екінші қасиеті – төзімділігі. Қайтпас-қайсар, төзімділігін ол кісімен бірге өлкетану мұражайын ұйымдастырған кезде көрдім. Мұражайдың қаржысын кент жоспарынан тыс аудан әкімінен бөлдіріп алып, осы шаруа аяқталғанға дейін ұйқы-күлкі көрмеді. Қасындағы көмекші қыздар шаршаса да, Мұқаң қажымады. Мұражай ашу үшін қаншама ауыл-дардың мұражайларын аралап, фотоға түсіріп, мұражайтанушылармен жолығып, пікірлесті. Қаншама рет Павлодарға фотостудияларға барып, ауылдан біраз адамдарды тағайындап алып, фотосуреттер жинады.

Үшінші қасиеті – ақылы. Ағамыз үнемі ауызбіршілікті үндеді. Майқайыңды, мекемелерді басқарып отырған әр азаматқа ел үшін, Майқайың үшін бірігіп еңбек етуі керек екенін айтудан жалықпады. Әр жаңадан тағайындалып келген азаматқа батасын берді. Қателерін түзетіп, өкпелеп, қалғандарын баласынша еркелетіп, қайта көңілін тапты.

Төртіншісі – абыройы. Осы жылдар дересінде қаншама келелі істерге ұйтқы болған ағамыздың абыройы асқақ. Облыс әкімінен бастап көптеген шенділердің ағамыз кіріп келгенде құрметпен орнынан тұрғанын талай рет көрдім. Ауылымыздың жағдайына байланысты Мұқаңның жоғарыға көтеріп, шешілмей қалған мәселелері аз болды. Өйткені, Мұқаң көтерген мәселесі орындалғанға дейін өзінен де маза кететін, өзгеге де маза бермейтін жан еді. Жеңгеміз Анна апай: «Шал-ау, енді қойсаңшы, демалсайшы!» – деп ескерту жасаған сәтте «Иә, демалайын деп жатырмын, осы шаруа бітсе болды!» деп ары қарай жалғастыра беретінін талай көрдім.

Бесінші қасиеті – иманы. Ағамыз мұсылманшылықты үнемі алға қояды. Мысалы, мұражайды іске асырып жатқан кезде айтатын: «Мұражайдың ең төрінде Құран кітабы тұру керек, Мәшекеңнің бейнесі тұру керек, мекемелерден ең жоғары мешіт тұру керек» – деп. Қаншама имам, молда, қажыларымыздың суреттерін тауып, оларды да төрге қойдырды. Жаңадан қызметке тағайындалған аудан, ауыл әкімдеріне ең алдымен қызметтеріңді мешітке кіруден бастаңдар деп айтып отыратын.

Менің көзқарасымдағы Мұхтар аға осындай жан. Кеудеңізде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген «Құрмет» ордені жарқырап, ел-жұртыңызбен жасай беріңіз, Мұхтар аға!

Бодаубек Солдатұлы, Майқайың кенті мешітінің имамы, Баянауыл ауданы.