Әншінің таспада үні қалса, суретшінің қағазда бояуы қалады. Ал театр әртісінің сомдаған рөлі көбіне көрермен көкейінде қалуымен құнды. Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма
театрының әртісі Талжібек Атамбектің де күні бүгінге дейін ойнаған рөлдері қаншама көрерменнің көкейінде де, жүрегінде де орын алды. Жуырда «Қыз Жібек» рөлімен облысымызға танылған өнер иесі өзінің 60 жас мерейтойын атап өтті.

Ж.Аймауытов театрының белді де беделді актрисаларының бірі Талжібек Жұмагелдіқызы 1990 жылдан бастап күні бүгінге дейін көптеген рөлді сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Театр әртісінің айтуынша, бойындағы өнерге, мәдениетке деген қызығушылығы ата-анасынан дарыған. Себебі, олар да өнерден алыс болмаған.

— Ата-анам өнерлі адамдар болды. Әсіресе, анам домбырасын қолына ұстап, құйқылжыта ән салғанда жанындағы адамдарды нәзік әрі әсем үнімен баурап алатын. Қаннан тараған өнер болар, мен де ән айтып өстім. 8-сыныпта білім алып жүргенде ауылымызға сол кездегі Талдықорған облысы театрының өнерпаздары келді. Олардың қойылымдары ерекше әсер еткен болар, әнші болудан бөлек театр әртісі болуды жөн санадым. Кейін мектепті аяқтаған соң арманымды жүзеге асыру үшін Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына оқуға түстім. Араға бес жыл салып Серке Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық музыкалы драма театрының бас режиссері Жанат Хаджиевтің арнайы шақыруымен аталмыш өнер ордасында алғашқы қызметімді бастап кеттім, — деп еске алады актриса.

Театр сахнасында 34 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан өнер иесі күні бүгінге дейін көп-теген рөлді абыроймен ойнап шықты. Дегенмен, жүрегінен ерекше орын алатын қойы-лымдардың бірі де бірегейі – «Қыз Жібек» спектаклі.

— Арманы жоқ актрисамын. Өйткені, әр сахна әртісі қалаған үлкен рөлдерді ойнадым. Барлық рөл ыстық, әрине. Бірақ «Келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дегендей, «Қыз Жібек» қойылымы мен үшін ерекше, — дейді ол.

Әріптестерінің сөзінше, Талжібек Атамбекқызы өзіне берілген рөлдерді кәсіби шеберлікпен алып шыққан. Күні бүгінге дейін сол тұғырынан түспей келеді. Себебі, ол өнерде қандай талантты актриса болса, өмірде де дәл сондай парасатты, терең адам.

— Талжібектің облыстың қазақ өнеріне, әсіресе театрға қосқан үлесі зор. Театр ашылғалы түрлі қойылымдарды сомдап жүр. Өнерде әріптесім, өмірде әпкем болған Талжібек Атамбекқызымен 30 жылдан бері таныспын. Бойына бірнеше қасиетті сақтай білген ол арамызда өзінің өжеттігімен, батылдығымен, көшбасшылық қасиетімен ерекшеленеді. Ал еңбекқорлығы бір төбе. Оның театр сахнасында сомдаған әр рөлі ойып тұрып орын алары анық. Әсіресе, «Жас Абайдағы» Зеренің рөлінде қазақ әйеліне, анасына тән ерекшелікті үлкен шеберлікпен алып шығады, — дейді әріптесі Бахаргүл Құрбанова.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.