Кеңес дәуірінде қазақ мәдениеті мен руханиятына ұлы төңкеріс жасаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімі көпке мәлім. Дегенмен, ол кісінің қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін, халқымыздың жоғалған құнды-лықтарын қайта жаңғырту жолында қандай жанкештілікке барғанын біле бермейміз. Бұл туралы жақында жарық көрген «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын оқысаңыз көкейіңіздегі көп сұраққа жауап аласыз.
Жақында Павлодар облысына елімізге белгілі қаламгер, ағартушы Санжар Керімбай келіп, «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының тұсаукесерін өткізді. Алғашқы кездесу Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Жиынға қаламгердің оқырмандары, өңірдің зиялы қауым өкілдері көптеп жиналып, кітап авторлары – Санжар Керімбай мен Айбек Нәбиге алғыстарын білдірді.
Аталған жаңа туындының тұсаукесер рәсімі ерекше форматта өтіп жатқанын бұған дейін әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Авторлардың ондағы мақсаты — жаңа кітап туралы ақпарат беру ғана емес, Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолы мен қызметін үлгі ету арқылы оқырманға ой салу. Әсіресе, өзінің туған тарихы мен төл мәдениетінен алшақтау арқылы ұлтсызданудың, рухсызданудың алдын алу, — дейді Санжар Керімбай.
— «Қуыс кеуде» деген ауру бар, бұл — 21-ғасырдың арылмас дерті. Яғни, адамдар технология саласында болып жатқан жаңалықтарға шамадан тыс табынып кетеді де, өздерінің мәдени-рухани құндылықтардан, ата-бабасынан қалған мирастардан көз жазып қалады. Бұл кейін адамның психикасына кері әсер ете бастайды. Бұл — әлем бойынша өршіп тұрған тенденция. Содан кейін бұл «Қуыс кеуде» дертін тоқтататын бір жол бар ма, ата-бабамыздан қалған тәжірибеге жүгіне аламыз ба деген сұраққа жауап іздедік және тапқандай болдық. Ол — ұлт қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін насихаттау арқылы ұрпақты тәрбиелеу. Негізі, бұл ауруға біздің халқымыз 1932 жылғы ашаршылықтан кейін ұрынған, сол кезде елді қуыс кеуде дертінен құтқарған сол кездегі оқу-ағарту министрі Темірбек Жүргенов еді. Ал одан кейін лауазымды қызмет атқара жүріп қазақтың жоғалып, мүлдем ұмытыла бастаған этнографиядағы, тарихтағы, мәдениеттегі бүкіл жауһарларды жинап-теріп, қазақпен қайта қауыштырған жалғыз адам болса, ол — Өзбекәлі Жәнібеков, — деді ол.
Автор материалдарды жинау барысында Өзбекәлі Жәнібековпен қатар еңбек еткен тұлғалармен және ізбасар шәкірттермен сұхбаттасып, құнды деректерді қолына түсірген. Соның ішінде Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Нұрбах Рүстемов есімді азаматтың қолдауы мен көмегі айрықша болғанын жеткізді. Кітап «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының демеушілігімен жарыққа шықты.
Жаңа туындының тұсаукесер рәсімін филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Зейнулина, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, кәсіпкер Қазыбек Какеновтер орындады.
— Бұған дейін Санжар Керімбайдың қаламынан туған кітаптары оқырманның үлкен олжасына айналып, қолдан- қолға тимей оқылғанын білеміз. Атап айтсақ, «Әлдиден эпосқа дейін», «Қуыс кеуде», «Бейсен және болмыс» кітаптары — нағыз ұрпаққа азық болар қымбат туындылар. Енді солардың қатарына «Өзбекәлі және мәдени майдан» қосылды. Ендеше, бұл кітаптарды ұрпағымыздың болашағы жолында кәдеге жарату — біздің еншіміздегі дүние. Балаларымыздың қазақ құндылығынан жырақтап қалмауын ойласақ, осындай кітаптарды оқытып өсірейік, — деді Айман Зейнулина.
Кездесу соңында Кәсіпкер Қазыбек Кәкенов Ертіс-Баян жұртының атынан ат мінгізіп, шапан жапты. Дәл осындай рухани-танымдық әңгімеге арқау болған жылы жүздесулер одан кейінгі күндері Торайғыров университетінде, Екібастұз қала-сында және Баянауыл ауданында өтті.
Тілеуберді САХАБА.