Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қанат қаққан болатын. Аталмыш ауқымды жоба аясында 740 мыңнан астам оқушыны қамтитын жаңа форматтағы заманауи білім ордалары бой көтермек. Осынау игі шараның шапағатын павлодарлық оқушылар да көреді деген үміт бар. Облыс орталығында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 2025 жылдың соңына дейін 5 жаңа мектеп салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бұл жөнінде облыс әкімдігінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен жиында сөз болды. Сонымен, биыл Павлодар қаласындағы Достық шағын ауданында 1200 орындық және Гагарин көшесінде 600 оқушыға арналған №47 жалпы орта білім беру мектебінің тұсауы кесілмек.
Ал жобаны іске асырудың екінші кезеңінде, яғни, 2025 жылы тағы да 3 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталатын болады. Бұл білім ордалары шаһардағы оқушы орындарының тапшылығы бар шағын аудандарда ашылады деп жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, келесі жылы жаңа мектептер «Жастар», «Усолка» және «Шығыс» шағын ауданындағы балалар игілігіне берілмек.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтеретін оқу ордаларының мәселесін талқылауға арналған жиында нысандардың құрылысын салу және сыртқы инфрақұрылымын жүргізу бойынша бірқатар мәселе қаралды. Облыс әкімі Асайын Байханов осы іске жауапты мемлекеттік мекемелерге ұлттық жобаны ойдағыдай жүзеге асыру керектігін айтып, бұл бағыттағы барлық мәселені жедел шешуді тапсырды.
— Ұлттық жоба өзінің ауқымы мен маңыздылығы бойынша бұрын-соңды болмаған. Біздің міндетіміз — барлық нысанды жер учаскелерімен және тиісті инфрақұрылыммен қамта-масыз ету, — деп атап өтті аймақ басшысы. Сондай-ақ, ол облыстық құрылыс, білім беру басқармаларына, Павлодар қаласының әкімдігіне, облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізу керектігін ескертті.
Атап өтерлігі, жайлы мектептер шәкірттердің сапалы білім алуына қажетті оқу жабдықтарымен, пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған өзге де қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілетін болады. Нәтижесінде, көптен бері шешімін таппай келе жатқан үш ауысымды және оқушы орындарының тапшылығы мәселесі оң шешімін табады, дейді мамандар.
Жалпы, 2023-2025 жылдар аралығында елімізде 369 жайлы мектеп салу жоспарланған. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 2,4 трлн теңге қарастырылған.
Өз тілшіміз.