Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановты қабылдады. Аймақ басшысы облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Былтыр өңірде ауыл шаруашылығы саласын қоспағанда барлық базалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалды. Айталық, облыс экономикасына 965 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 26 пайызға көп. Сол сияқты жолаушылар тасымалы секторында 31 пайыз, машина жасау ісінде 13 пайыз, құрылыс саласында 8 пайыз өсім бар. Сонымен қатар, 73 шақырымнан астам жылумен қамту желісіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, Екібастұз жылу-электр орталығындағы барлық 10 қазандық агрегаты жөнделген. Техникалық суға арналған 11 шақырым жаңа құбыр тартылып, 5,4 шақырым магистральді жылумен қамту желісіне реконструкция жасалған.
Бұл ретте облыс әкімі әлеуметтік жағдайға да тоқталып, бұл бағытта атқарылған ауқымды істерді атап өтті.
— Облыстағы ауылдарда үш заманауи мектептің салынуы апатты жағдайдағы мектептерге қатысты мәселені шешуге мүмкіндік берді. Өңірде 54 білім беру ұйымы толықтай жаңғыртылды. Сондай-ақ, екі жыл ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 жаңа медициналық нысан салынады, — деді А.Байханов.
Оған қоса, облыста қоғамдық көлік жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары басталды. Былтыр қалалық автобус паркі 130 жаңа автобуспен толықтырылып, 722 шақырым автожол жөнделген. Өткен жылы 37 мыңнан астам тұрғыны бар 44 ауылға жаңа су құбыры тартылғанын да айта кеткен жөн. Осылайша, облыстағы ауыл тұрғындарының 98 пайызына таза ауызсу жеткізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне Ертіс өңірін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
akorda.kz