Таяуда Ертіс ауданы «Балалар шығармашылық және бос уақытты қамту орталығы» ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік сайлау күніне арналған аудандық пікірсайыс турнирі өткізілді. Аталмыш турнир қазақ және орыс тілінде ойнайтын командалар арасында өтті. Америкалық парламенттік формат (АПФ) бойынша өткен пікірсайыс өте қызықты әрі көңілді болды.

Турнирге жалпы қазақ және орыс лигасы бойынша 17 команда қатысып, бақтарын сынады. Сан түрлі тақырыптың қыр-сырын аша білген оқушылар өте тартысты ойын көрсетті. Ертіс аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы З.К.Сұлтанова пікірсайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, елімізде маңызды күн саналатын Бүкіләлемдік сайлау күніне арналған аудандық пікірсайыс турниріне қатысқан командаларға алғыс айтты. Еліміздің болашағы жастар екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта биік белестерді бағындыра берулерін тілеп, демеушілік жасап қатысушыларға сыйлықтар табыстады.

Жастардың бойына қазақстандық патриотизмді және азаматтылығын қалыптастыруға, жауапкершілікті ұғынуға, туған өлке мен елдің мәселелерін талқылауға, шешуге, тәрбиелеуге арналған дебат ойыны өте тартысты өтті. Қазылардың шешімімен мыңнан — тұлпар, жүзден — жүйрік шыққан командалар аудандық білім бөлімінің және Ертіс аудандық аумақтық сайлау комиссиясының дипломдарымен марапатталды.

Ойын нәтижесі бойынша қазақ тілінде ойнатылған пікірсайыста Бас жүлдені Абай орта мектебі «Достық» командасы өз қанжығасына байлады. Жүлделі 1-орынды Қызылқақ орта мектебі «Парасат» командасы, 2-орынды Абай орта мектебі «Болашақ» командасы, 3-орынды №2 Ертіс жалпы білім беру мектебі «Эрудит 1» командасы иеленді.

Сонымен қатар, Қызылжар орта мектебі «Достар» командасының спикері Фариза Холқанатқызы  «Үздік сарапшы» номинациясын, Қарақұдық орта мектебі «Жас алаш» командасы спикері Арай Оспанова «Дебат жұлдызы» номинациясын, №2 Ертіс орта мектебі «Эрудит 2» командасы спикері Балжан Үсенова «Үздік спикер» номинациясын, Қызылқақ жалпы орта мектебі «Парасат» командасы спикері Ерасыл Жақсылық «Дебат жұлдызы» номинациясын, Абай орта мектебі «Сенім» командасының спикері Жайна Мақұлбекова «Үздік оратор» номинациясын, Амангелді орта мектебі «Зерде» командасы «Дебаттық креатив» номинацияларын алды.

Орыс тілінде ойнатылған дебат ойынында Бас жүлде иегері Қызылжар орта мектебі «Лидер» командасы, жүлделі 1-орынды М.Горький білім беру мектебі «Алаш» командасы, 2-орынды Ұзынсу орта мектебі «Ділмар» командасы, 3-орынды №4 Ертіс мектебі «Эрудит» командасы жеңіп алды.

«Достық» командасының спикері Гүлім Қошман дебат ойындарының өте қызықты әрі тартысты өткенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да осындай ойындар болса екен деген тілегін жасырып қалмады. Барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз.

 

Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,

журналист, Ертіс ауданы.