Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақтарда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ден қойылып келеді. Айталық, мұнда жаңа тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек.

Қанаш Қамзин ауылдық округіне қарасты Ребровка ауылында «Кронос-Павлодар» ЖШС тауарлы сүт фермасының құрылысын бастады. Шаруашылыққа Дания- дан Голштин-фриз тұқымды 272 бас ірі қараның бірінші партиясы әкелінді. Жоспар бойынша, мұнда барлығы 1 893 бас ірі қарадан 16 170 тонна сүт алынып, өңдеуге жіберіледі. Жобалық қуаттылыққа келесі жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен жету жоспарда бар.

Аталған шаруашылықтағы құрылыс жұмыстарының барысымен Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов танысып қайтты. Бұл ретте шаһар басшысы кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екеніне мән берді. Инвесторлардың айтуынша, шаруа қожалығында жаңадан 120 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, Қанаш Қамзин ауылында шаруашылық қызметкерлеріне арналған екі пәтерлі 18 тұрғын үй салу ойда бар.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.