Соңғы жылдары тұрақты мемлекеттік қолдаулардың арқасында агроөнеркәсіп кешені инвесторлар үшін тартымды салаға айналып келеді. Мәселен, биыл өңірде 49 млрд теңгені құрайтын 31 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде 5 тауарлы сүт фермасы бар. Солардың бірі — құрылысы аяқталуға жақын «AndasAgro» ЖШС-нің 1500 басқа арналған заманауи тауарлы сүт фермасы.

Павлодар ауданы Набережное ауылында орналасқан «AndasAgro» ЖШС-не тиесілі бұл тауарлы сүт фермасының құрылысы сәуір-мамыр айларында аяқталады деп жоспарлануда. Болашақта мұнда 2000 бас сиырға дейін кеңейтуге арналған алаң қарастырылған. Жалпы, бұл фермада заманауи сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек, шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауылшаруашылық техникаларымен қамтылған. Сондай-ақ, мұнда оператор бөлмесі, зертхана да қарастырылған.

Шаруа қожалығының басшысы Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, тауарлы сүт фермасын толығымен іске қосудың нәтижесінде 100 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Жұмысшыларға бір жерден 32 пәтерлік үй қарастырылған. Ферма жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға 8 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Шаруашылыққа сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген.

— Қаржыландыруды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жүргізді. Қаражаттың 50 пайызы — өзіміздікі. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызын орындап, жем-шөп дақылдарының қорын 100 пайыз дайындадық. Наурыз-сәуір айларында Еуропадан ірі қара жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде келісімшарттар бар. Сүтті сиырлар жеткізілгеннен кейін ферма толық іске қосылады. Асыл тұқымды малды өзгеше тәсілмен өсірмекпіз. Яғни жаңа технологияға сәйкес, олар қорада байланбай еркін жүреді. Жайылымға шықпайды. Қалаған уақытында жем-шөбін жеп, суын іше алады. Жануарларды тамақтандыру технологиялық топтарға сәйкес ұйымдастырылады. Лактация кезеңін, тәуліктік сүт мөлшерін және жануарлардың физиологиялық жағдайын ескере отырып сараланады. Сиырларды сауу жұмысын немістің озық техникасы жүзеге асырады. Мұндай жаңашылдық әрбір ірі қара беретін сүттің көлемін 15-20 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, — деді З.Сәлменбаев.

Жақында аталмыш фермаға арнайы ат басын бұрып, құрылыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз. Учаске басшысы Қуаныш Дүйсеновтің айтуынша, тауарлы сүт фермасы толығымен металл құрылымдарынан салынған. Материалдардың барлығы дерлік шетелден жеткізіліпті.

— Қазіргі уақытта негізгі нысандардың құрылысы аяқталды. Мал ұстайтын орыннан бөлек әкімшілік ғимарат, қазандық құрылысы да іске қосылды. Ферма электрмен және сумен қамтамасыз етілген, аумақ қоршалған және абаттандырылған. Мұнда сауын сиырларды топтық, байлаусыз, бокссыз, қоршаусыз бағу көзделген. Жануарлардың демалуына арналған бокстар желдеткішпен қамтамасыз етілген. Сарайдағы қораптардың қатарлары арасында көң және жем-шөп жолдары қарастырылған. Әрбір сиырдың жататын орны, тіпті, сүйкенетін арнайы щеткалары да бар, — деді Қ.Дүйсенов.

Бүгінгі таңда озық технологиямен жабдықталып жатқан тауарлы сүт фермасында төлдету бөлімі, мал азығын сақтайтын, тыңайтқыш дайындайтын орындар мен бақылау және өткізу бекеттері дайын тұр. Сонымен қатар, ферма ішінен Новосібір қаласында құрастырылған көң тазалайтын арнайы құрылғы қойылған. Алдағы уақытта аталмыш ферма іске қосылып, дастарқанымыздан орын алатын ағарғанның үлесі молая түсеріне сенім мол.

Айта кетейік, соңғы бес жылда Павлодар облысында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі артқан. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында қарқынды дамыған бағыттардың бірі – тауарлы сүт фермалары. Себебі, бір ғана шикі сүттен бірнеше өнім дайындай алатын қазақ халқы үшін бұл — таптырмас кәсіп. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Сәуле Шүкірованың мәліметінше, Павлодар өңірі бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қоса, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар тиімді жобаларға назар аударылуда. Халық тұрмысын, денсаулығын жақсартуға арналған сүбелі жобалардың бір парасын тауарлы сүт фермаларын құру ісі қамтиды.

— Биыл 9100 гектарға 13 суармалы жоба, 101 мың тоннаға 9 көкөніс сақтау қоймасы, 2,2 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған төрт жоба бар. Ал 2025-2026 жылдарға 75,2 млрд теңгеге 27 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ, 8900 басқа арналған 10 тауарлы сүт фермасы бой көтермек. Ұйымдастырылған шаруашылықтар бойынша сүт өндіруді 66 700 тоннаға немесе 36 пайызға арттыру жоспарланып отыр, — деді С.Шүкірова.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ

Павлодар ауданы.