Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылының жастары түрлі спорттық бәсекелерден олжалы оралып жүр. Олардың бұл жетістіктері ескеріліп, елді мекенде спорт түрлерін одан әрі дамытудың оң қадамы жасалды. Биыл мұнда дене шынықтыру — сауықтыру кешені пайдалануға берілетін болды.

Бүгінде Евгеньевка ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында барлығы 1667 адам тұрады. Олардың қатарында спортқа бейім, түрлі сайысқа қатысып жүрген жастар баршылық. Әсіресе, футбол, күрес жарыстарында жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Осы жетістіктерді еселей түсу үшін арнайы кешен салынбақ.

— Ауыл тұрғындары мектептің спорт залында шынығады. Бос уақытта осында тиімді өткізеді. Соның өзінде ауыл қоржынына салған жүлделері аз емес. Ендігі ретте жаңа кешеннің салынуы табыстарды көбейте түседі деп сенеміз. Мұнда баскетбол, волейбол, футбол, күрес сынды спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысуға барлық жағдай жасалады. Ауылда спорт бойынша әдіскер, күрестен жаттықтырушы да бар, — дейді Евгеньевка ауылдық округінің әкімі Аршат Халықов.

Мердігер — «ПромЖилСтройКомплекс» ЖШС құрылысты сәуір айында бастайды. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Үштеректе бұрынғы ғимарат қайта қалпына келтіріп, мұнда мәдени-сауық орталығы ашылмақ. Ал балалардың игілігі үшін келесі жылы балабақша салынады. Биыл оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады. Таяуда Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов ауылға арнайы барып, кешенді салуға арналған жер телімін байқап, жоспарлармен танысты.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.