Жыл сайын осы уақытта Шүлбі су қоймасынан су босатылып, Ертіс өзенінің жайылмасын су басатыны белгілі. Бұл шаруалар үшін аса маңызды. Себебі, жайылманы су неғұрлым көп басса, соғұрлым мал азығы да бітік шығады. Биыл бұл көлем қандай болмақ?

 

Бұған дейін үш күн бойы Шүлбіден секундына 3500 текше метр су жіберілген болатын. Ал алдағы бір апта дересінде секундына 3200 текше метр су босату жоспарланып отыр. Павлодар облысының әкімдігі көлемнің азайтылуын былай түсіндірді:

— Семей қаласының көпір құрылысы ауданында судың тұрып қалуына байланысты су деңгейінің шамадан жоғары көтерілуі байқалуда. Сондықтан Ертіс бассейндік инспекциясы Шүлбі су қоймасынан жіберілетін судың көлемін азайту туралы шешім қабылдады, — делінген ресми хабарламада.

Яғни, 24 сәуірге дейін су осынша көлемде жіберіледі. Бұл ретте былтыр жіберілген судың нақты максималды көлемі үш тәулік ішінде 2600-2800 м3/сек болғанын атап өткен жөн. Ал биыл Павлодар облысының аумағына табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың болжамды көлемі шамамен 6 шақырым текше метрді құрайды. Нәтижесінде жайылма алқабының кемінде 70-75 пайызын су басуы тиіс. Бұл – өткен жылдан екі еседен көп көлем.

Өз тілшіміз.