Аймағымызда ұмыт болып бара жатқан халық әндерін ерекше бағытта түрлендіріп әрі оларға ерекше реңк беріп, жаңаша бағытта орындап жүрген этнотоптар қатары көбейіп келеді. Жақында олардың қатарына Шаңырақ халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Кербез» этнотобы қосылды.

Жаңадан құрылған «Кербез» тобы үш қыздан тұрады. Топ республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерва-ториясының түлегі Өркен Қайыргелдіқызы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерва-ториясының түлегі Раушан Нағышпаева және халықаралық байқаулардың лауреаты, Павлодар қалалық музыкалық колледжінің студенті Камила Жүсіповадан құралған.

Топтың жетекшісі Өркен Қайыргелдіқызының айтуынша, бұл топ өзгелерден өзіндік стилімен ерекшеленеді. Мәселен, топтың мүшелері бір емес, бірнеше аспапта емін-еркін ойнайды. Олардың қатарында сазсырнай, жетіген, қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптар бар.

— Ұлттық өнерді серік еткеннен кейін жаңа дүниелерді қолға алуды жөн санадық. Осы бағытта жинаған тәжірибеміз бен алған білімімізді ортаға салып, осы топты құрдық. Топты қыздардан құралғандықтан «Кербез» деп атадық. Бұл сөзді әйел болмысын жан-жақты сипаттайтындықтан таңдап алдық. Алдағы уақытта өнерсүйер қауымға жергілікті сазгерлермен бірлесіп жеке әндерді ұсыну ойда бар. Сондай-ақ, құлақтан кіріп, бойды алатын әсем ән мен тәтті күй өнерінің құдіретін дәріптегіміз келеді, — деді ол.

Шара барысында «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы Замира Амангелдіқызы құттықтау сөз сөйлеп, жаңа топтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

— «Шаңырақ» халық шығарма-шылығы орталығы жанынан тағы бір топ құрылды. Қыздарға алдағы уақыттағы істеріне сәттілік тілеймін. Тыңдармандарға ұсынар рухты туындылары көбейсін. Қазақтың музыка өнерінде ойып тұрып орын алатын топтардың бірі болады деген сенімдемін, — деді ол.

Топты таныстыру рәсімі аталған орталықтың әншілерінің әсем әнімен жалғасты.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.