Patient at the physiotherapy making physical exercises with his therapist

Күрделі ауру түрлеріне шалдығып, жарақат алғандар, отадан өткендер оңалту қызметіне жүгінбесе, денсаулығы қалыпқа келмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңбері аясында ересек адам да, балалар да оңалтудан тегін өте алады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетов мәлім етті. Оның сөзінше, жарақат пен ауыр сырқатқа душар болған науқастар қалыпты өмір жағдайына келуі үшін оңалтудан өтуге міндетті.

— Өкінішке қарай, медициналық мекемелерде ем алған науқастар оңалту қызметі жайында білмей жатады. Қолжетімсіз әрі бағасы қымбат деген пікір қалыптасқан. Бұл шындыққа жанаспайтын ой екенін айтқым келеді. Себебі, сақтандырылған мәртебесі бар адамдар оңалтудан тегін өтеді. Облыста жалпы саны 24 оңалту орталығы жұмыс істейді. Аудандарда 7 ауруханада оңалту қызметі көрсетілсе, балалар үшін 5 орталық жұмыс істейді, — дейді Жангелді Мырзагелдіұлы.

Өткен жылы өңірде 4522 адам оңалту орталығында ем қабылдап, денсаулықтарын қалыпқа келтірген. Ми қан айналымының бұзылуы диагнозы бойынша 2025 адам емделген. Нейрохирургиялық отадан кейін 242 науқас оңалтудан өткен. Неврологиялық ауруға шалдыққан 163 бала да оңалту қызметін пайданланған. Оның ішінде 54 жаңа туған нәресте бар. Бұдан бөлек, жарақат алған 799 ересек адам мен 63 бала да денсаулықтарын қалыпқа келтіру үшін қосымша ем қабылдады. 811 адам кардиохирургиялық отадан соң оңалтудан өткен.

— Оңалту қызметі 3 саты бойынша көрсетіледі. Бірінші, өміріне қауіп төнген науқастарға 72 сағатқа дейінгі аралықта оңалту қызметі көрсетілуі тиіс. Яғни нейрохирургиялық араласу, жансақтау бөлімшелерінде немесе мамандандырылған бөлімдердегі науқастарға қажетті ем шұғыл жүргізіледі. Екінші сатыға аурудың өткір кезеңінен кейін немесе жарақат алғаннан кейін алты айдың ішінде жүргізілетін оңалту жатқызылады. Ал емханаларда және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда көрсетілетін ем-шаралары үшінші сатыға енеді, — дейді Ж.Шайымбетов.

Атап өтерлігі, науқастардың оңалту орталығынан өту қажеттігін жергілікті емханадағы жалпы тәжірибе дәрігерлері анықтап, жолдама береді.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.