Мадине әулеті «Family day» облыстық жобасының жүлдегері атанды. Павлодар қаласындағы М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында өткен жарыста Жамбыл орта мектебінің намысын қорғаған жанұя бас жүлдеге ие болды.
Жеңімпаз отбасы алдымен ауданда «Менің отбасым — менің байлығым» атты іріктеу кезеңіне қатысқан. Мадине жанұясы сынға түскен 5 отбасының ішінен алға шығып, облыстық сайысқа жолдама алады. Аудан намысын Павлодар қаласында қорғаған отбасы жеңісті қолдан берген жоқ.
Отағасы Болатхан мен жұбайы Жаңылсын — 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Тұңғышы Жәрдем 10-сыныпта, Азамат 6-сыныпта, қыздары Назым даярлық тобында білім алуда. Кенжелері Сезім балабақшада тәрбиеленуде.
— Мектепте ұйымдастырылған отбасылық шараға қуана келістік. Мұндай додалар әулеттің ауызбіршілігін көрсетеді. Ұл-қызымызға да үлгі-өнеге деп білемін. Сайыста отбасымызды таныстырып, салт-дәстүрімізді дәріптедік. Аудан атынан шыққаннан кейін намысты қолдан бермеуге тырыстық, — дейді отағасы Болатхан Мадине.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.