Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апатқа қарсы күреске тартылған азаматтарға алғысын білдіріп, бүгінгі күннің батырларына естелік сыйлық табыс еткен болатын. Президенттің марапатына ие болғандардың қатарында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Әлішер Кәкенов те бар.

Аға өрт сөндіруші-құтқарушы  сәуір айының басында әріптестерімен бірге тасқын судан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына көмек көрсетуге аттанған болатын. Аймағымыздың құтқарушылары табиғи апатқа қарсы күрес жүргізу шараларына қатысып, тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті.

— Солтүстік Қазақстан облысына барғанымызда сол өңірге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іссапармен келіп, аймақтың ахуалымен танысты. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіп жатқан кәсіпкерлер, еріктілер және құтқарушылармен жүздесті. Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының ауызбіршілігін ерекше атап өтіп, табиғи апатқа қарсы күреске тартылған барлық азаматқа алғысын білдірді. Төтенше жағдайлар министрлігінің 15 қызметкеріне естелік сыйлық табыстады. Біздің өңірден барған 4 қызметкер Президенттің қолы қойылған қол сағаттарына ие болдық, — дейді Ә.Кәкенов.

Әлішер Кәкенов төтенше жағдайлар департаментінде 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеуде. Еңбек тәжірибесінде бірінші рет осындай су тасқынынан туындаған табиғи апатты көрген. Көрші облысқа көмекке аттандырарда еш ойланбастан жолға шығуға бел буған.

— 7 сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысына жолға шығып, үйімізге 26-ншы сәуірде оралдық. 3 апта көлемінде көрші облыстың тұрғын-дарына  көмек қолын создық. Бұл ретте қапшықтарға құм толтырып, бөгеттерді орнату және нығайту жұмыстарына қатыстық. Тұрғындарды қауіпсіз орындарға орналастырдық. Үйінен басқа орынға көшуге үлгермей жатқан  жұртшылықтың жүгін тасысуға да жәрдемдестік. Оларды қайықпен тасыдық. Көп қабатты тұрғын үйлердің бірнеше қабатын су басқан жағдайларды көзбен көрдік. Табиғи апаттың  осылай ушығатынын жергілікті тұрғындар да күтпеген. Еліміздің азаматтары күш біріктіріп, ауызбіршілік танытып, жан-жақты жәрдем көрсеткені қуантады, — дейді құтқарушы.

Жалпы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінен Солтүстік Қазақстан облысына көмек қолын созуға 55 маман мен 19 бірлік техника жөнелтілген. Мемлекет басшысының сыйлығына ие болғандардың ішінде № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Ақжол Сағынбай, жүргізуші Қанат Байсарин және өрт сөндіруші-құтқарушы Арман Қайыржан да бар. Ел басына күн туған шақта  отбасыларын екінші орынға қойып, көмек көрсетуге аттанған құтқарушылардың әрекеті ерлікпен тең деуге болады. Бүгінгі күннің батырларының қызметіне сәттілік тілейміз.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.