Қазақ халқының этникалық тарихын, материалдық және мате-риалдық емес, рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең және ауқымды зерттеген, көптеген ортағасырлық көшпелілер ескерткішін бірінші болып ғылыми айналымға енгізген ғұлама ғалым, академик Ә.Х.Марғұлан – туған елін өркениет биіктеріне жетелеген ұлт зиялыларының аса көрнекті өкілі. Ә.Марғұлан өмірінің соңғы он бес жылында Шоқан Уәлихановтың ғылыми-әдеби мұрасын игерумен шұғылданды.
Кезінде Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Шоқан мұраларын тауып, жариялау мақсатында қатарынан алты мәрте ғылыми топ құрғызған екен. Ғалымдар біраз қиындықтарға кезігіп, нәтиже ойдағыдай болмайды. Шоқантану да — қазақ ғылымының үлкен бір саласы болғандықтан, өз ішінде этнография, тарих, археология, әдебиеттану, нумизматика, тастағы жазу болып бірнеше салаға бөлінеді. Осы себепті де әр саланы зерттеген Ш.Уәлихановты тануға бел шешкен ғалым жан-жақты оқымысты болуы шарт. Мысалы, Шоқан түрлі саяхат барысында жолда кезіккен әртүрлі шөп, ағаш немесе аңның атын қазақша (араб әрпімен), орысша, латынша, парсыша жазған. Сондықтан Шоқанның еңбектерін зерттеу ғалымдарға оңай тимеген. Тығырыққа тірелген Қ.Сәтбаев Орталық Қазақстанда экспе-дицияда жүрген Ә. Марғұланды шақыртып, Шоқанды зерттеу тобын басқаруға көндіреді. Әлкей Хақанұлының бастамасымен іс ілгері басады. Ә.Марғұланның басқаруымен екі жылдан соң, 1958 жылы Шоқан Уәлихановтың таңдамалысы, 1961, 1962, 1964 жылдары I, II, III томдары, 1968, 1972 жылдары IV, V томдары жарық көреді.
Шоқанның осы бес томдық шығармалар жинағын кезінде академик Р.Бердібаев «ірі іргелі зерттеу еңбек» деп жоғары бағалады. Шоқан мұрасын көп жылдар бойы зерттеудің жалғасы ретінде 1971 жылы Ә.Марғұланның «Шоқан мен Манас» атты монографиясы жарық көрді.
Шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен қырғыз (қазақ) хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері, ұлы қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы зерттеулерін Ә.Марғұлан сонау 1941 ж. «Шоқан Уәлиханов – Орта Азия халықтарының тарихын зерттеуші» атты мақаладан бастаған.
Ленинград университетінің тарих-филология факультетінде және Шығыстану институтында қатар оқи жүріп, Ә.Марғұлан бай архивтер, музейлер мен қолжазбалар қорларынан еліміздің тарихына, мәдениеті мен өнеріне байланысты талай асыл қазынаны тауып, зерттегені белгілі. Ә.Х.Марғұланның көп ізденген жерінің бірі Ғылым академиясының мұрағаты болды және мұндағы ең қымбат білім көзі Шоқан Уәлихановтың қоры еді.
Ғалымның көрсетуінше, Шоқан мұрасының көп жиналған орындары — Ғылым академиясының, Сыртқы істер министрлігінің, География қоғамының мұрағаттары. Шоқанның көптеген жазулары КСРО Орталық Мемлекеттік тарих мұрағатында, Омбының мұрағаты, Томск университетінің ғылыми кітапхана мұрағатының Г.Н.Потанин қорында сақталған. Ә.Х.Марғұлан жазулары бойынша, Шоқанның жеке мұрағатындағы материалдарды 1920 жылы академияға әкеліп тапсырушы — К.К.Гутковскийдің қызы. Бірақ Шоқанның көп материалдарын ол мұрағатқа тапсырмаған. Ленинградтағы Гутковскийдің пәтеріне Ә.Марғұлан осы материалдарды іздеп бірнеше рет барған. Олардың ішінде: «Күнделік» дәптерлері, Ыстықкөлге барған жолы, Құлжаға барған саяхаты, Қашқарды аралаған саяхаты, «Очерк Джунгарии», «О судебной реформе», «О мусульманстве в степи», «Родоподразделение кайсаков», «Алатаудың географиялық бейнесі», «Қазақ хандарының шежіресі», жинаған мақал-мәтелдері секілді бағалы материалдар болған.
Ә.Марғұлан Шоқанның араб жазуымен жазып алған 47 беттік «Манас» жыры не «Көкетай ханның асы» Шығыстану институты мұрағатының қолжазба бөлімінде сақталған деп көрсетеді.
Ғылым академиясының мұра-ғатында сақталған Шыңғыстың балалары Шоқан мен Мақажанға, Шоқанның атасы Шыңғысқа жазған хаттарын, кейінде Томск университетінің ғылыми кітапхана-сының қолжазба бөлімінде, Г.Н.Потаниннің мұрағатында сақталған бұл хаттарды, басқа да деректерді ғалым асқан ыждахат-тылықпен жіті зерттеген. Шоқан туралы Москвадағы Әдебиет пен өнердің мемлекеттік орталық мұрағатындағы Н.И.Веселовский мен В.В. Григорьевтің қорларынан табылған мәліметтерді, А.С. Пушкин үйінде (Институт русской литературы) сақталған Шоқанның жазған басқа да хаттарын, Ленинградтағы Гутковскийдің пәтерінен табылған Шоқанның жеке мұрағатындағы оның 1852 жылы демалысқа келгенде түсірген суреттерін зерделей отырып, Ә.Марғұлан Шоқанның тегі, шыққан ортасы, бауырлары, жас кезінен басталған қызығушылық бағыттары, кадет корпусында оқыған жылдары, дәріс алған ұстаздары, болашақ ғалымды қоршаған ғылыми орта, ғалым достарын, жазған хаттары мен жазбаларына жасаған сілтемелер арқылы оның дүниеге көзқарасын тану, ғылыми-ағартушылық қызметін зерделеу және т.б. таптырмас деректерді тауып, жіпке тізгендей етіп Шоқанның өмірбаянын жазуда ерен еңбек жасады.
Ленинград қаласында «дворяндар» мұрағатында сақтаулы Шоқан Уәлиханов өмірі мен шығармашылығына байланысты әлі де алынбаған қаншама құнды құжаттардың бар екенін, бұл құжаттарды тек мемлекет тарапынан талап ету арқылы ғана қайтарудың мүмкіндігін 70-жылдары «Шоқан оқулары» барысында теледидардан Әлкей Марғұлан неше мәрте қайталай айтқан еді.
«Алға қойған міндетіміз — барлық союздағы үлкен мұрағаттарды тегісімен қадағалап қарап шықтық, онда не заманнан жасырынып жатқан Шоқанның көптеген белгісіз жазуларын, хаттарын, күнделік дәптерін, өз қолымен түсірген суреттерін таптық. Кейбір мұрағаттардан Шоқан жазып алған қазақ фольклорының көптеген қазақша текстерін аштық, олардың арасында қазақша, қырғызша мәтелдер, сықақ әңгімелер, күлкі сөздер кездесіп отырады» – деп жазды Ә.Х.Марғұлан.
Айтылып отырған, яғни бұрын басылмаған және тіптен мәлім болмаған көптеген қолжазбаларының тізімі көрсетіліп, орыс және қазақ тілдерінде жарияланды.
Ә.Марғұлан Шоқанның көптеген мақалаларының, соның ішінде, «Дала мұсылмандығы жөнінде», «Сот реформасы туралы жазба», «Ауыз әдебиеті шығармашылығы», т.б. мәтіндерін дайындаған. «Қазақ шежіресі», «Қытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы, «Қытай империясының Батыс өлкесі туралы» мақалалардың мәтіндері де Ә. Марғұлан дайындап, әр жылдары жарық көрген материалдарға негізделген.
Ғалым Ә.Марғұлан мен ғалым Ш.Уәлиханов өмірі мен ғылыми қызметіндегі ұқсастықтарға көңіл аудармасқа болмайды. Осы орайда ғылым қайраткері М. Массонның Ә.Марғұлан туралы: «Он не просто плодотворный неутомимый талантливый научный исследователь, но принадлежит к той плеяде ученых–энтузиазистов, вдохновение которых роднит науку с поэзией! Есть у него нечто общее с деятельностью Чокана Валиханова, чьи избранные произведения он чествовал при их переиздании: Оба прочно и навсегда вошли в науку» деген 1974 ж. жазған пікірімен келіспеске болмайды.
Марғұлан зерттеулері нәти-жесінде Шоқанның тұлғасына байланысты анықталған маңызды мәселе: Петерборда Шоқанның қызметі жан-жақты болған. Ол бір кезеңде Бас штабтың әскери-ғылыми комитеті, Азия Департаменті, Географиялық қоғам секілді бірнеше мекемеде қызмет атқарған. Сонымен қатар, университеттің тарих және филология факультетінің лекцияларына қатысып, қосымша шет тілдерін үйренуді де қолға алған. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялыларымен араласа жүріп, көне қолжазбаларды, көне карталарды зерттеп, Әскери-ғылыми комитеттің тапсыруымен 5–6 күрделі карталарды дайындап, өзінің ерекше таланттылығы мен білімділігін таныта алған тұлға.
Марғұлан және шоқантану-шылар тобы Азия Департаментінде қызмет атқарған кезеңіндегі Шоқанның Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы кезінде маңызды істер атқарғанын дәлелдеп, бұл мәселеге қатысты мұрағат құжаттарын атап жазды.
Ә.Марғұлан Шоқанның Сыртқы істер министрлігінің тапсырма-сымен Қытаймен достық жолмен келісімге келіп, үзілген сауда байланыстарын тездетіп қалпына келтіру, басқа да талас тудырған мәселелерді шешуге байланысты тапсырылған күрделі диплома-тиялық миссияны ойдағыдай орындағанын, оның «Құлжаға сапары – Құлжада және Шәуешекте консулдық ашуға негіз болды» деген А.К.Гейнстің жазуын келтіре отырып, Шоқанның дипломатиялық қызметін, Қашғарияға жасаған саяхаты негізінде Шығыс Түркістанды зерттеуге қосқан үлесін ерекше ашып көрсетті.
Ғалым: «Уәлиханов сапарының ең басты нәтижесі «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу (Кіші Бұхара) провинциясының алты қаласының жайы туралы» атты үлкен еңбегі болды. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихы мен географиясына, әлеуметтік құрылысына арналған, Ш. Уәлиханов заманындағы ғылым жетістіктеріне орайластыра жазылған алғашқы ғылыми еңбек еді» дей келіп, жаңа материалдарды қамту және оларды терең талдау жағынан оның еңбегі отандық ғылымға қосылған үлкен үлес болғанын атап көрсетті.
Сонымен қатар Ш.Уәлиханов өзінің достарының жәрдемімен «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Туғлуқ Темір хан тарихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Маурузи» және тағы басқа сирек кездесетін бірқатар шығыс қолжазбаларын, көне тиын ақша коллекциясын жинап, Жоңғарияда болған 5 айда орнитологиялық, энтомологиялық гербарийлер, нефрит кесектері де бар тау жыныстарының жинағын жасағанын, ескіден қалған мұраларды: ерте заманғы грамоталарды, қолданбалы және халықтық қолөнер, көркем керамика үлгілерін де жинағанын анықтады. Тасқа қашалған суреттер мен балбал тастардың кескіндерін, суреттерін де қағазға түсірген. Қобыз тартушылардан Шоқанның он төрт күй жазып қалдырғаны да — шындық.
Марғұлан пайымдауында Шоқан жалпы ғылыми қызметін кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ бастаған. И.Н.Березиннің «Хан жарлықтары» еңбегіне жазған сын мақаласын оның тұңғыш ғылыми еңбегі деп бағалайды. Сондай-ақ, Шоқан небәрі 20 жасында жазып қалдырған «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар жайлы жазбалар» атты очерктерінде өзін терең танымы бар білімді ғалым ретінде көрсеткен. Жастығына қарамастан, Қырғыз халқының көне заманғы тарихын, оның көшіп-қону тарихын зерттеу мәселесін жазба мәліметтер бойынша, шежіре, аңыз-әңгімелермен қоса XVII–XVIII ғасырлардағы қырғыз тарихына қатысты мұрағат деректерімен шендестіре отырып кешенді түрде қарастырған. Нәтижесінде, Тянь-Шань қырғыздарының сол өңірді ежелден мекендеген жергілікті тұрғындар екенін тұңғыш рет дәлелдеген Шоқан Уәлиханов екенін жазды.
Шоқан географ К.Риттер мен А.Гумбольдтың және шығыстанушы В.Шотт пен Г.Ю.Клапроттың еңбек-теріндегі ертедегі қырғыздар тарихы жөнінде жіберілген қателіктерді сынаған. Шоқан өзінің географиялық және тарихи зерттеулері нәтижесі бойынша 1857 жылы Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданады. Бұл туралы Ә.Марғұлан: «Шоқан Уәлихановтың Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайлануы, оның орыс ғылымына қосқан ерен еңбектерін мойындауды білдіреді» деген пікір айтқан.
Қазақтың жазуы, әдебиеті, ертегі-жыры – оның тарихы деп таныған Шоқан қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуге ерекше мағына бергенін асқан мақтанышпен жазды ғұлама ғалым. Шоқан қазақ халқының эпос жырын жинауға ХІХ-ғасырдың 50-жылдары көп көңіл бөлген. Ол 1847 жылдан 1855 жылға дейін Омбыдағы Кадет корпусында оқып, жазғы демалыс кезінде ылғи ертегі, жыр жазып алумен шұғылданған. Шоқанның жинағандары: «Ер Көкше», «Ер Қосай» жырының екі нұсқасы, «Едіге» жыры, «Қамбар батыр», «Орақтың жыры», «Қарасақал» не «Шона батыр» әңгімесі, «Көкетай хан», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу». Қазақтың ауыз әдебиетін, тарихын, ғұрпын тексеруде оның жазып қалдырған материалдары әрі мағыналы, әрі көлемді деп көрсете келіп, «Шоқан қазақ халқының ескілігін зерттеуде атақты ғалымның бірі» деген қорытынды жасайды.
Марғұлан еңбектерінде Шоқанның өзінің жазуында, бұрын ауылда «мұсылманша» оқып жүрген бала кезінің өзінде «Едіге» жырының үш нұсқасын әкесімен бірге жазып алып, кейін оның ең жақсы нұсқасын орысшаға аударғаны туралы айтылады. Осы «Едіге» жырының орысша аудармасы – «Степная Сага об Идиге и Токтамыше». Ә.Х.Марғұланның зерттеуінше, бұл дәптер П.М.Мели-оранскийдің мұрағатында 1928 жылға дейін сақталған, кейінде жоғалып кеткен. Ғалым Омбыда Н.Ф.Костылецкийде халық поэзиясының көп қолжазбалары болғанын анықтаған. Соның бірі – Обаған өлкесінде Шоқан Уәлиханов табыс еткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының бірнеше үлгісі болып табылады. Шоқан ұстазы Н.Ф.Костылецкиймен бірге бірнеше жыл бойы кезінде өзі жинақтаған халық эпосын зерттеумен шұғылданған. Осы бірлескен жұмыс нәтижесінде олар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» поэмасының анағұрлым көне және толық нұсқасын орыс тіліне аударып шығады. Бұл деректер арқылы ғалым Шоқанды тағы бір жаңа қырынан, яғни тамаша аудармашы ретінде танытты.
«Шоқан еңбектерінде қазақтың шежіре, жыр, жалпы ауызша тарихи дәстүрін терең зерттеді. Шоқанның анықтауынша, тарихи аңыздың ғылыми бағалы түрінің енді бірі әрбір тайпаның қайдан таралғанын көрсететін тарих – шежірелер» деп жазды ғалым. Әлкей Марғұланның ғылыми зерттеулері де қазақ шежіресі мәселелерімен тығыз байланыста болып, оның ғылыми мұрасында шежіре мәселесі үлкен орын алды. Мысалы, ғалым «Манас» эпосындағы шежірелік дереккөзге байланысты былай деп жазады: «Жырда көп өзгеріске түскен, әсіресе, Манастың аталық шежіресі. Оны жыр «бірде Төбей, бірде – Ноғай (Сағымбай), бірде – Қыпшақ (Мажмұғ), бірде Самарқанның сарты еді» деп көрсетеді.
Шоқан мұраларының ішінде Әлкей Марғұланның қызыға зерттеген үлкен тақырыбы — осы «Манас». Бұл зерттеулері «Шоқан және «Манас» еңбегінде шешімін тапты. Бұл жұмыста Әлкей Хақанұлы қырғыз эпосы «Манастың» әр түрлі нұсқаларын салыстыра отырып зерттеудің нәтижесінде «Манас» эпосына ғылыми талдау жасаған. Ш.Уәлихановтың «Манасты» зерттеуге қосқан үлесін анықтап көрсетеді.
Ең алдымен ғалым «Манастың» Шоқан жазып алған көне нұсқасын басқа нұсқалармен салыстыра отырып зерттеді. Соған қоса эпопеяның жалпы хатқа түсу тарихы, бұрынғы және кейінгі орындаушылары, олардың өз замандары тілегіне орай өзгерте жырлауы, оның себептері, жалпы түркі халықтары мен қырғыздар тарихына байланысты дәуір көріністері, Шоқанның және басқа зерттеушілердің пайымдаулары, т.б. кең талданып, тиісті бағасына ие болды. Эпосқа ғылыми анықтама беріліп, оның әлем өнері тарихында алатын елеулі орны белгіленді.
Ә.Марғұлан «Манас» жырының бір бөлігі – «Көкетай ертегісінің» Шоқан аударған орыс тіліндегі нұсқасын қырғызшадағы түпнұсқамен салыстыра отырып, қазақша аударғаны өте ұтымды шыққанын атап өтеді. Осы бөлімде ас беру дәстүрінің табақ тарту, тайлақ тарту, сауын айту секілді элементтеріне баса назар аударған. Сауын айту қазақтағы ірілі-ұсақты астарға тән, әбден қалыптасқан дәстүр, төңіректегі және алыстағы ауылдарға ас берілетін күн туралы хабарлау. Біріншіден, мұндай жағдай бір ғана отбасының ғана емес, рулы елдің ортақ ісі деп, әр ата баласы өз үлесін қосқан. Мұндай үлес малдай, заттай және ақшалай ғана емес, керекті үй-жай, ыдыс-аяқ жинау мен асқа қызмет етуде рулы елдің қалтқысыз көмегі, бірлігі ең басты фактор болатын.
Ас секілді үлкен жабдықтар қазақ халқының барлық әдет-ғұрып, дәстүрі тұнып тұрған, сондықтан да қоғамдық мәні терең, рухани дүниетанымдық құбылыс екенін байқаймыз.
Ә.Марғұлан Шоқан Уәлихановтың тұтас жырдан тек «Көкетай ханның ертегісін» ғана жазып алу себебін жақсы түсіндіреді. Себебі, «Көкетай ханның ертегісі» «Манас» жырының бір бөлігі ғана болғанымен, эпопеяның негізгі идеясы дәл осы бөлімде берілген. Ол – сыртқы жауларға қарсы тұрып, ішкі алауыздық, іштей түсініспеушіліктерді жеңіп, елді бастай алатын ерді аңсау, халық бірлігі мен тәуелсіздігін жоғалтпау идеясы.
Жырдың негізгі идеясы шапқын-шылық емес, қайта сыртқы жаудың шапқыншылығына қарсы тұрып, көп тайпалар қоныстанған қадірлі Отанды қорғау, өз ұлысының еркіндігін, тәуелсіздігін мұрат етіп, ол үшін күресу, соның жолында бар өмірін сарп ету, сол үшін өлу. Манас тарихи заманнан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы» деп көрсетті Ә.Марғұлан.
Ә.Марғұлан Шоқанның сурет-шілік талантын жоғары бағалаған. «Чокан–художник» атты шағын мақаласында Шоқан салған суреттердің тарихи-көркемдік және ғылыми маңыздылығын көрсетеді.
Ғұлама ғалым Шоқан тақы-рыбына өмірінің соңғы күндеріне дейін адал қызмет етті.
Шоқан Уәлихановтың ұстазы Н.Костылецкийдің туған жері Павлодар облысы, Железин ауданы, Үрлітүп ауылында музей ашпақшы болған мектеп директоры Зайырбек Байжанұлына 1984 жылдың 20 қазан күні арнаған хатында: …Сіздің сұрауыңыз бойынша Н.Ф.Костылецкийдің Үрлітүп қыстағында музейін ашуға мына төмендегі көрсетілген жазбалар жіберіледі, осылардың барлығы — аса бағалы материалдар, ешқайда басылмаған. Николай Федоровичтің өмірін жарқын түрде суреттеп бере алады. Едіге туралы жырларды Н.Ф. бір ғана кадет корпусында оқып жүрген Шоқан Уәлихановтан алады. Оны И.Н.Березин жақсылап пайдаланған. Музейді жақсылап ашуға тілек білдіремін деп жазған. Хатпен бірге Н.Костылецкий жайында көптеген мағлұматтар,оның жазған шағын хаттарын, қолжазбаларын, жарияланбаған кейбір еңбектерін Үрлітүп ауыл мектебіне жіберген.
Ғалым 27 жыл бойы, яғни 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Семей өңірі музейлерімен, оның ішінде, Ф.М. Достоевский мен Ш.Ш. Уәлихановтың мемориалды кітапхана-музейі қызметкерлерімен үнемі хат жазысып, бандерольмен қажетті материалдар жіберіп, кеңес беріп отырған.
1984 жылы желтоқсан айында Семейдегі Ф.М.Достоевский музейінің директорына: «Меня очень волнует идея о формировании секции Чокана Валиханова в роскошном мемориальном музее Ф.М.Достоевского в Семипалатинске, обогатить eго сокровищами великолепных экспонатов (фотографией рисунками, гравюрой), отражающих встречи двух великих мыслителей, о любви и дружбе Чокана к великому русскому народу. Для уголка Чокана Валиханова особое значение имеют следующие экспонаты, воспроизведенные в фотографиях, рисунках, гравюре на дереве, камне и металле» дей келіп, 26 экспонат-құжат тізімі келтірілген.
«Мен өмірімнің ең жеміс беретін шағын, қайрат-қуат мол жылдарын Шоқанды әлемге танытуға арнадым. Мүмкін сол себептен кезектегі өзімнің еншімнен қағыс қалған шығармын, көкіректе сайраған талай ойлар бар еді. Бірақ өкінбеймін. Шоқан — көп адамдар өмірін арнауға тұратын жан. Ол өте алғыр, көптеген ұшқыр ойдың иесі еді, оның еңбегін ұрпаққа түгел жеткізбеу обал болатын болды» деген екен ғалым Шот-Аман Уәлихановқа.
Осы орайда «Көзі тірісінің өзінде-ақ, көптің аузында аңызға айналатын ақылман алыптар, айтулы батырлар болады. Сондай біртуар сиректердің, феномендердің бірі академик Әлкей Марғұлан еді. Алып Мұхтар Әуезов Абай тұлғасын әлемге қалай танытса, академик Әлкей Марғұлан да Шоқан бейнесін жер жүзілік аренаға солай танытып кетті. Осы еңбектің өзі–ақ оған өлместік кітабының төрінен сыйлы орын әперер еді» деп жазған ақын Мұзафар Әлімбайдың пікірі әбден орынды екенін түсінеміз.
Марван ХАМИТОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, марғұлантанушы, Алматы қаласы.