Абылай ханның батырларының бірі болған Тілеуқабыл бабамыздың шөберелері Қазымбет пен Қазыбек би қажыдан тараған Рамазан мен Шәріп Әуғалиевтер, Құжан Ерғазин, Сағидолла Рамазанов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Екі ұрпағы Балтабай Шайғазин мен Бибәтима Иманғалиева Отан соғысы жылдары тылда аянбай еңбек етті.

 

Соғыстан елге Рамазан Ауғалиев пен Сағидолла Рамазанов қана оралды. Шәріп Ауғалиев пен Құжан Ерғазин қан майданда ерлікпен қаза болып, хабарсыз кетеді. Сол уақытта ағайыны іздеу салғанымен, таба алмайды. Ол кезде мәлімет алу да оңай емес еді.

Уақыт өте келе қайта іздеу салып облыстық архивтен Құжан Ерғазин ағамыз туралы мәліметтер таптым, ал Шәріп Ауғалиев туралы ақпараттарды әлі іздестіру үстіндемін. Тек Ресей елінің бір сайтынан Шәріп Ауғалиевтің 1905 жылы дүниеге келгені және 1942 жылдың ақпан айында хабарсыз кеткені туралы мәлімет жарияланған. Бұл ақпарат IV томдық «Боздақтар» еңбегінің 49-бетінде де жазылған.

Табылған мәліметтерге сүйенсек, Құжан Ерғазыұлы 1908 жылы Май ауданы Жанатілек ауылында туған. Еңбек колхозында механизатор болып жұмыс атқарды. Ұлы Отан соғысы басталған соң Каганович әскери комиссариатынан аттанып, ұрысқа 1941 жылдың шілде-тамыз айларында Сталинград маңында кірді. Финдармен қанды шайқаста 9 ротада тұтқынға түседі. Ол уақытта біздің 7 солдатқа 1 мылтық және 1 оқтан ғана ұрысқа берілген. 1941 жылдың 14 қыркүйегінде Құжан совет солдаттарымен бірге Финдердің 6-лагеріне қамалады. Фин әскері тұтқындарды 1941 жылдың желтоқсан айында неміс фашистеріне тапсырады. Содан немістер совет әскерлерін қинап, ұрып-соғып тамақ бермейді. Құжан Ергазин 1942 жылдың мамыр айында сол ұрып-соғудан, аштықтан қайтыс болады. Ал «Боздақтар» кітабында Құжан Ерғазин хабарсыз кетті және Ресей елінің Выборг қаласында жерленген деп жазылған. Бұл ақпараттарды көптеген архивке хат жолдап ұзақ уақыт соң Алланың қалауымен таптым.

Ал Шәріп Ауғалиевтің 1905 жылдың желтоқсан айында Май ауданы Жаңа-тілек ауылында дүниеге келгені және Ұлы Отан соғысына Каганович әскери комиссариатынан 1941 жылдың 30 шілдесінде аттанғаны белгілі.

Рамазан Ауғалиев те 1900 жылы жоғарыда аталған елді мекенде дүниеге келеді. Өз кезінде Жанатілек колхозын құрды. Отан соғысына 1942 жылы аттанып, сол жылдың қазанында 334-атқыштар дивизиясы, 112-атқыштар полкіне ұрысқа кірді. Одан кейін 54369 әскери бөлімінде, әскери ауысу пунктінде ерлікпен соғысты. 1944 жылы жарақат алып, госпитальде емделіп, елге жіберіледі. Елге қайтып келе жатқанда поезд келесі станцияға тоқтаған сәтте Рамазан Ауғалиев: «Қазақстаннан кім бар?» – деп айғай салады. Бір сәтте «біз бармыз» деген дауыс шығады. Олардың арасынан соғысқа аттанып бара жатқан ұлы Сағидолланы байқап қалады. Содан әке мен бала қауышады. Рамазан аға соғысқа аттанып бара жатқан барша ер-азаматқа батасын беріп, қимай қоштасады.

Елге оралған соң Рамазан Ауғалиев Жаңатілек колхозының председателі болып еңбек етті. Сол уақытта ауыл шаруашылығын одан әрі дамытып, халқына сыйлы әрі беделді болды. Қызметінің ыстығы мен суығына көніп, елді мекен тұрғындарына қамқор бола білді.

Сағидолла Рамазанов 1926 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Соғысқа дейін Жанатілек колхозында еңбек етті. 1944 жылы майданға шақырылды. Ұлы Отан соғысында Кавалерия полкында болып, елге 1948 жылы аман-есен оралады. 1953 жылы Семей техникумын бітіріп, Құркөл, Путь Ильича совхоздарында агроном болды. 1966 жылы Қызыл Құрама совхозы (қазіргі Баскөл ауылы) Жанатілек бөлімшесінің меңгерушісі, 1976-1988 жылдары Қызыл Құрама совхозының құрылыс алаңында мастер қызметінде еңбек етті. 1991 жылдың 21 қаңтарында дүниеден озды.

Сағидолланың балалары – Төлеген, Сансызбай, Қарлығаш, Сандуғаш, Мекен, Алма. Әжелеріміз Шөкен мен Қауия апалы-сіңлілі еді. Төлеген – Шөкендікі, Сансызбай Қауияның баласы болды. Біреулер «Өскенде кім боласыңдар?» деп сұраса, Төлеген – шопыр, Сансызбай «райком боламын» дейді екен. Сонда Шөкен әжеміз «Жұрттың баласы райком болса, біз де райком боламыз» деп ызаланған екен. Құдай ауыздарына салған болуы керек, Төлеген әскерден келген соң көлік жүргізушісі, ал Сансызбай Май ауданы ауатком төрағасының орынбасары Қуат Есімхановтың жүргізушісі болып еңбек етті.

Тылда еңбек еткен Балтабай Шайғазин 1941-1945 жылдары Кемеров қаласы Пионерская шахтасында 7 кісінің еңбегін атқарып, «За доблестный труд во время Отечественной войны», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапат-
талып, Сталиннің Алғыс хатын алған. Ал Бибәтима Иманғалиева соғыс жылдары қуғынға ұшыраған неміс балаларына қамқор болып, Павлодар ауданы Березовка мектебінде (қазіргі Үміт апа ауылы) бала оқытқан. Одан бөлек, қан майданда шайқасып жүрген жауынгерлер шұлық, қолғап тоқыған, масақ терген. Еңбегінің жемісіп көріп «Лениннің 100 жылдығы», «Ұлы жеңіске – 55 жыл», «Еңбек ардагері», «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» медальдарымен марапатталды. Ермак ауданы, (қазіргі Ақсу қаласы) Павлодар ауданы мектептерінде директор қызметін атқарған.

Тілеуқабыл батыр Абылай ханның дәуірінде елін шапқыншылардан қорғаса, ұрпақтары Рамазан, Шәріп, Құжан, Сағидолла елі мен жерін неміс басқыншыларынан қорғады. Бір өкініштісі, Шәріп пен Құжан Отан үшін соғысып, жат жерде қалды. Шәріп ағамыздың сүйегі қай жерде жерленгені де белгісіз.

Қазақ елінің қаншама ұл-қызы қан майданға аттанып, хабарсыз кетті. Оларға бір Алла пана болып, иманы пейіште шалқысын. Ел басына күн туғанда елі үшін өз жанын берген жауынгерлерді ерлігін ұмытпайық.

Қанат ШАЙҒАЗИН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қанаш Қамзин ауылы, Ақсу қаласы.