Биыл есімі елге танымал ержүрек жауынгер, сонау сұрапыл соғыста Жеңіс туын желбіретуге үлкен үлес қосқан қайсар жерлесіміз, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің туғанына 105 жыл толып отыр. Айтулы мереке қарсаңында павлодарлық майдангердің өмірі мен ерлігі жайлы аз-кем сыр шерткенді жөн көрдік.
Аты аңызға айналған батыр 1919 жылдың 29 қарашасында Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Жолқұ-
дық ауылындағы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан оқу-білімге құштар болып өскен ол есейгеннен кейін, яғни 1931-1934 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы қазақ-коммуна мектебінде оқиды. Ары қарай білімін Алматы қаласында жалғастырады. Сөйтіп, 1938 жылы жұмысшылар факультетін ойдағыдай тәмамдап, 1941 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын бітіреді. Сол жылдың шілде айында қызыл әскер қатарына шақырылып, Сталинград жаяу әскерлер училищесінің жедел курсын аяқтайды.
Осылайша, Қанаш Қамзин 1943 жылы Отан қорғау үшін майдан даласына аттанып, жауға қарсы күресуге бел буады. Соғыста ерлігімен көзге түскен жас лейтенантқа 1944 жылдың жазында 52-ші атқыштар дивизиясының 429-шы атқыштар полкіне басшылық ету міндеті жүктеледі. Командир болып полк тізгінін қолына алған ол көптің сенімін ақтай біледі. Молдавияны жаудан босату және Днестр өзенінің маңында өткен шайқаста ерен ерлі-гімен бірден көзге түседі. 1944 жылдың 13 сәуірі күні түнде майдангер ротамен бірге бірінші болып, Днестр өзенін Бычок ауылы маңында жаудан азат етеді. Қарсыластарының қатты соққысы мен қарша бораған оқтардың күштілігіне қарамастан, діттеген мақсатына жетуге талпынады. Оның осынау баға жетпес ерлігі жайлы мұрағат қорында сақталған деректер аз емес. Соның бірінде былай делінген:
«1944 жылғы сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні жаудың күшті артиллериялық және миномет-пулеметтік шабуылына қарамастан, бірінші эшелонда өзі соғысқа белсене араласып, Днестр өзенінің маңындағы Молдавия КСР-ның Тирасполь ауданындағы Вичен ауылында жаудан Молдавияны босатуда ерекше ерлік танытты. Өзенді босатқаннан кейін ротаны айқасқа өзі бастап апарып, өзеннің оң жағалауындағы плацдармды басып алып, жауынгерлерге ерлік пен батылдықтың үлгісі болды. Оң жағалауды фашистердің басып алғанына қарамастан (екі траншея, доттар, дзоттар мен басқа да бекіністер) ол өзінің ротасымен траншеяның бірінші және екінші сызықтарын басып өтіп, Гура-Высулай ауылының оңтүсті-гіне кіреді. Өзінің ротасымен Қамзин батырлық танытып, Гура-Выкулай ауылының 65 метрлік биіктігін басып алып, немістерді қуып шықты және 20 офицерін жойды. Осы биіктікте пулеметтерін орнатқан Қанаш Қамзин Гура-Выкулай ауылының батыс жағынан 1-ші және 2-ші роталарға Гура-Выкулай ауылының оңтүстік-шығыс жағына кіруге жол ашады. Бірінші болып оң жағалауға өтіп, биіктікті басып алып, негізгі күштер келіп жеткенше оны ұстап тұрғаны үшін, плацдармды кеңейткені үшін және 20 унтер-офицерді жойғаны үшін ол Кеңес Одағының батыры атағына лайық».
Міне, 429-шы атқыштар полкінің командирі Азатьян ұсынған марапаттау қағазында Қанаш Қамзиннің сұрапыл соғыстағы жанқиярлық ерлігі жөнінде осылай жазылған екен.
Өкінішке қарай, Қанаш Қамзин майдан даласында жүріп ерлікпен қаза табады. Оның сүйегі Молдавияның Новоаненск ауданына қарасты Гура-Выкулай ауылында жерленген. Елі үшін жанын пида еткен ержүрек жауынгерге КСРО-ның жоғарғы кеңесі Президиумының нұсқауымен берілген тапсырмаларды тиянақты орындағаны және көзсіз батырлығы мен батылдығы үшін Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, «Ленин» орденімен марапатталады.
Батырға деген құрмет мұнымен ғана шектелген жоқ. Ақсу қаласына қарасты туған ауылына Қанаш Қамзиннің аты берілді. Сондай-ақ, Павлодар және Ақсу қалаларында майдангер жерлесіміздің атымен аталған көшелер де бар.
Айта кетерлігі, батырдың кіндік қаны тамған ауылындағы мектепке де Қанаш Қамзин есімі берілген. Аталмыш білім беру мекемесінің қасбетінде мемориалды тақта мен мектеп маңында ескерткіші орнатылған. Сонымен қатар, өңірімізде «Қанаш Қамзин» атты жүк теплоходы бар екенін де көпшілік біле бермейді. Тіпті, Молдавияның Гура-Выкулай ауылының бір көшесіне Қанаш Қамзиннің аты беріліп, музей ашылған. Сонымен қатар, осы елдің астанасы Кишинев қаласындағы Жеңіс аркасында Қанаш Қамзин есімі тасқа қашалып жазылған. Бұл – қазақтың батыр ұлына деген үлкен құрметтің белгісі!
Иә, сұрапыл соғыста жанын қиған жерлес жауынгер жасаған ерлік ешқашан ұмытыл-майды. Олай дейтініміз, батыр жерленген Молдавияның Гура-Выкулай ауылына павлодарлықтар, әсіресе, Қанаш Қамзин атындағы мектеп оқушылары мен ұстаздары, Ақсу қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері арнайы барып, батырдың рухына тағзым етіп тұратынын айрықша атап өткен жөн. Тіпті, оның зиратынан жерлестері алып келген бір уыс топырақ әлі күнге дейін сақтаулы тұр екен.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды», — деген қанатты сөзді қаперінде ұстаған Қанаш ауылының халқы үнемі марқұмның аруағына құран бағыштап отыратындықтарын айтады.
Демек, Отан қорғау жолында опат болған осындай жаужүрек жауынгердің есімі ел есінде мәңгілік сақталып қала бермек. Ердің ерлігін ұмытпау – ұрпақ парызы екенін ешқашан ұмытпауымыз қажет.
Әзірлеген – Нұржайна ШОДЫР.