Екібастұз қаласындағы №17 мектептің ата-аналары білім ордасындағы бассейнді қайта қалпына келтіруге қатысты ұсынысты бірнеше рет көтерген болатын. Биыл жергілікті билік бұл ұсынысты ескеріп, тиісті жұмыстарды бастады.
Оқу орнындағы бассейн осыдан бірнеше жыл бұрын жұмысын тоқтатқан еді. Содан бері бұл орын бос тұрды. Енді аталмыш мектеп шәкірттері жүзу сабақтарын қайта жалғастыра алатын болды. Жаңа оқу жылында бассейн қолданысқа берілуі керек.
Шаһар басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, ішкі бөлшектеу жұмыстары толығымен, ал ескі төбені алу 80 пайызға аяқталды. Сонымен қатар, кафельдерді орнату, бассейннің ішін тегістеу жұмыстары жүріп жатыр.
— Ішкі инженерлік желілер де ауыстырылады. Бұл ретте қолжетімді ортаға баса назар аударылып отыр. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балаларға да қолайлы жағдай жасалады, — деп мәлімдеді қала әкімі.
Жоспар бойынша, тиісті жұмыстар 15 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.