Ақтоғай ауданында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылыс жұмыстары басталды. Жуырда аудан әкімі Қаршыға Арынов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысында аудан әкімі Барлыбай ауылындағы су құбыры мен Ақжол елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және бірнеше инфрақұрылым нысандарын аралады. Одан бөлек, Жолболды ауылының Естай атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілу барысын, Шұға ауылында медициналық пункт құрылысын және Шілікті ауылына кірме жолды жөндеуді тексерді. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңартуға ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, Қарақоға және Шұға елді мекен тұрғындарының гидротехникалық құрылыстың суын толтыру өтініші бойынша құрылысты тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде «ҚазСуШар» мекемесінің басшылығы жағдайды жақсарту бойынша шаралар қабылдайтын болады.

 

А.БОРАНБАЕВА.