Соңғы жылдары аудан аумағында мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар аясында бой көтерген жаңа нысандардың қатары көп. Кейінгі екі жылдың бедерінде аймақта құрылыс қарқынымен қатар, абаттандыру жұмыстары да ерекше қолға алынуда.

Аудан әкімі Николай Дычко құрылыс сатысындағы нысандар мен жолдардың сапасына қатысты арнайы мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

— Биыл елді мекендерді абаттандыру аясында Шақат ауылында «Жастар» саябағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Толыбай ауылында да ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Бүгінгі таңда Жеңіс монументі жөндеуден өтіп, ауыл көшелері абаттандырылуда. Бұдан бөлек, жергілікті дәрігерлік амбулаторияның ғимараты да күрделі жөндеуден өтуде. Ауылға кірме жол мен ауылішілік жолдар асфальттандырылуда. Кемеңгер ауылында көшелерді жарықтандыру мәселесін шешу мақсатында жарық бағаналары жаңартылып жатыр. Сол себепті сала басшылары өзіне қатысты әр жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын бақылауда ұстауы қажет, — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудан әкімі барлық елді мекендегі мекемелердің сырт келбеті таза, заманауи талапқа сай болуы керек екенін ескертіп, олардың айналасын көгалдандыру міндетін жүктеді.

 

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.