Foto Valeriy BUGAYEV

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айқын көрінісі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, даналығын, ерлігін, арман-тілегін жеткізеді. Мемлекеттік рәміздерге шетелдік мамандар жоғары баға беріп, әлемдік каталогқа енгені де сондықтан. Бүгінде аймағымызда елдігімізді танытатын, патриоттық рухты оятатын, жүрекке мақтаныш сыйлайтын нышандар өз дәрежесінде көрініс тауып отыр.

 

Қоғамда Мемлекеттік рәміздердің заң талаптарына сай орналасуын, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны, Әнұран мәтінін дайындаушылардың жұмысын қадағалайтын құзырлы орган бар. Ол – ҚР Сауда және интеграция министрлігі техни-калық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті. Бұл мекеме ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы заңнаманың сақталуына мониторинг жүргізеді, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны дайындайтын кәсіпорындардың лицензиясын бақылайды. Әнұран мәтінінің дұрыс жазылуын, орналасуын да тексереді.

Аталған департаменттің басшысы Айбек Әлібаевтың айтуынша, өткен жылы облыс-тағы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 130 тексеру жүргізілген. Жыл басынан бері Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Павлодар ауданының 43 мекемесі мониторингпен қамтылды. Тексеру кезінде өңірдегі мемлекеттік мекемелер Мемлекеттік Туды, Елтаңбаны, Әнұранның мәтінін қағидаларға сәйкес дұрыс қолданатыны белгілі болды.

— Мониторинг кезінде Мемлекеттік мекемелер тарапынан өрескел заңбұзушылық орын алған жоқ. Мекемелердің маңдайшаларында, стендтерінде мемлекеттік рәміздер талапқа сай орналастырылған. Мониторинг кезінде өңі кеткен Елтаңбалардың орналасуы тіркелді. Бұл ретте арнайы түсініктеме берілді. Департамент мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналасуы бойынша кеңес береді. Яғни, заңнаманың сақталуы, Мемлекеттік рәміздер мен олардың бейнелерінің ұлттық стандарт талаптарына сәйкестігі жөнінде толық мағлұмат беріледі, — дейді Айбек Қабидоллаұлы.

Айбек Әлібаев қоғамда мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәдениеті қалыптасқанын айтады. Еліміздің рәміздері еркіндікті бейнелейді, патриоттық рух сыйлайды. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет.

— Мемлекеттік рәмізсіз тәуелсіз ел болмайды. Тәуелсіздік бізге оңай келмегенін білесіздер. Сондықтан рәміздерді қастерлеу – парызымыз. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір Әнұранның мәтінін барлығы бірдей біледі. Мемлекеттік органдардағы рәміздерге байланысты заңбұзушылықтың жоқтығы Ту, Елтаңба, Әнұранға деген құрметтің белгісі дер едім. Қазір балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында  көрнекті орындарға рәміздер орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолын жүрек тұсына қойып, «Менің Қазақстаным» деп шырқағанда ерекше  жігерленіп қанаттанамыз. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық, — дейді Айбек Қабидоллаұлы.

Расымен, қоғамда Мемле-кеттік рәмізді құрметтейтін жастар көбейіп келеді. Жұмыс орнында төрге көк Туды іліп қоятындардың саны артқан. Бұл да Отанға деген құрметті білдірсе керек. Рәміздеріміздің тұғыры биік болғай!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.