Рухы тірі кеше көрдім Мағжанды,
Аралап жүр Алаш деген вокзалды.
Оқып берді алақандай қағаздан,
Өлең емес маңдайына жазғанды…
Мирас Асан.
Жылдың осы мезгіліндегі бірде шуақ, бірде салқын, бірде бұлтты, бірде ашық құбылмалы ауа райы зұлмат жылдарды есімізге алуға мәжбүрлей ме екен?.. Тағдырлары қайғылы, аса қасіретті, кейінгі ұрпағына тағылымды, тізерлеп тұрып табынуға тұратын ұлттық рухты, ұлттық сананы оятуға үндейтін соны шығармаларын қалдырып кеткен ұлт зиялылары жайлы оқыған-түйгендерімізді, естіп-білгендерімізді қағаз бетіне түсіріп отыру — парызымыз да, қарызымыз да.
Бүгін солардың бірегейлерінің бірі, қуғын-сүргіннің көкесі түгілі, атасын көрген, бағы байлаулы күйінде кеткен, өлген жылы әлі күнге нақтыланбай, жұмбақ күйінде қалып отырған қоғам қайраткері, жырлы да сырлы аяулы ақын Мағжан Бекенұлы Жұмабаев хақысында.
Олай дейтініміз, заманы құрбандыққа шалған С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, тағы басқаларының ардақты аттары 1955 жылы қайтарылған, ал Мағжан 1960 жылы ақталған, алайда осы туралы үкімет қаулысы жазушылар одағына араға 28 жыл салып барып, тек 1988 жылы жеткен делінеді ресми дерек көздерінде.
Сол жылдар Мағжанды қаралаған, оның талантын көре алмаған қазақтың, А.Байтұрсынов айтқандайын, «қып қызыл» коммунистері соңына шырақ алып түскендердің қатары Жазушылар одағында көп болғаны белгілі. Өздері әшкере болудан өлердей қорыққан олар, қаулыны жариялыққа жібермеген, халықтан қасақана жасырған деп ойлаймыз. Содан ақынның өмірдерегі, шығармалары сол дәуірдегі мектеп оқулықтарына кірмеген. Бірнеше ұрпақ, олардың ішінде мен де бармын, ақын шығармаларын оқымай, білмей өстік. Алаш жүректі, көзі қарақты өнер сүйген, елін сүйген жандардың өздері Мағжан есімін сыбырлап қана айтатын. Ал көркем сазды әні таныс болғанмен («Бәрінен де сен сұлу» музыкасы Ш.Қалдаяқовтікі), ақын аты қалың қауымға мүлде таныс емес-тін. Қаймана қазақ енді танысып жатыр. Иә, жатыр, толық танысып болған жоқ әзірге.
Мағжан бабамыз Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Булаев, қазіргі өзінің атындағы ауданында әулетті Жұмабай қажының отбасында 1893 жылы 25 маусымда дүниеге келген. Әкесі Бекен сауда-саттықпен айналысатын адам екен. Жасы алтыға толғанда атасы ауыл молдасына оқуға береді. Өнерге, білімге жүрегі етене жақын зерек бала Мағжан ауыл медресесін 1905 жылы аяқтаған. Жалпы, таланттылардың бала жасынан қатарынан ерек көрінетіні белгілі ғой. Кішірегінде тілалғыш, елгезек бала, өсе келе елгезектігін қойып, аз сөйлеп, көп ойланып отырады екен. Кесе әпер десе — қасық, балға әкел десе — шеге әкелетін баласын анасы Гүлсім ерекелетіп «марғауым» деп атаған көрінеді.
1905-1910 жылдар Қызылжарда татар зиялысы, түркі халықтарының азаттығы үшін күрескен Ж.Бегішев ұйымдастырған медреседе білім алады. Осында 1909 жылы шыққан Абайдың алғашқы өлеңдер жинағын беріле оқып, керемет ләззат алғаны байқалады. Бұған «Атақты ақын, сөзі алтын, хакім Абайға» атты өлеңі куә. Абайдың ұлылығын терең түсініп, алғаш «хакім» деп атаған Мағжан екен. Бүгінде даналығымыздың мұнарасы Абайды «хакім Абай» деп атауымыз Мағжан ақыннан басталғанын біле жүрейік.
1910-1916 жылдар Қазан қаласында Ғалия медресесінде оқиды. Бұл білім ошағында ортағасырлық Шығыс шайырлары Саади, Науаи, Низами, Омар Хайям, Фердоуси жыр дастандарын жата-жастана оқып, өлең деген өнердің қыр-сырын еркін меңгерген. Ақындық ой жүйесі қалыптасқан Мағжан татар досы Ғалымжан Ибрагимов қолдауымен 1912 жылы 19 жасында «Шолпан» атты алғашқы жыр жинағын шығарған. Осы досының ақыл-кеңесімен Омбы қаласындағы мұғалімдер гимназиясына түсіп, 1916 жылы алтын медальмен бітіреді. Бұл қалада қазақтың тағы бір ақсұңқар ақыны С.Сейфуллинмен танысып, аралас-құралас жүрген.
Оқуын бітірген соң елге оралып, 1-2 жыл мұғалімдік қызмет атқарды. Орынбор қаласында А.Байтұрсынов, М.Дулатов шығарған осы күнгі «Егемен Қазақстанның» атасы «Қазақ» газетінде өлеңдерін жариялап тұрды. Осы жылдар азат ойлы Алаш арыстары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, тағы басқаларымен өте жақын танысып, елінің болашағын бағдарлаған «Алаш» партиясын құруға белсене араласты. Қазақ топырағында алғаш құрылған партияның жыршысы, насихатшысы болды. Мағжанның Алаш партиясын құрудағы рөлі, Қазан төңкерісін тебірене жырлаған орыс ақыны В.Маяковскийден артық болмаса, еш кем болмағаны белгілі.
1917 жылғы ақпан төңкерісін Тәңірдің тартуы деп бағалаған Алаш арыстары Қазақ елін жеке мемлекет етеміз деген үмітте болатын. Бірақ, патша ағзамның орнына келген империялық пиғылдағы саясат серкелері, уақытша үкімет те, кейін билікке келген Ленин бастаған большевиктер де, азамат соғысы жылдары Сібір үкіметін басқарған адмирал Колчак та қазақ халқының қамын ойлауға мүдделі емес еді. Олар қазақ зиялыларының түпкі ниетін, қысылтаяң тарихи кезеңде өз әрекеттерінің жемісті аяқталуы үшін пайдалануға тырысты, пайдаланды да. Тақ үшін тарих төңкеріліп жатқан осы тұс ел арыстары Кеңес үкіметі жағына шығуға мәжбүр болды. Осының соңы немен аяқталғаны бәрімізге аян…
Кеңес дәуірінде туған елі Қызылжарда, еліміздің басқа да өңірлерінде «Ақжол», «Бостандық туы» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды, 1922 жылы Қазанда, 1923 Ташкентте жылы жыр жинақтарын шығарды. Жинаққа бірінен-бірі өткен көркем, сырлы сазды өлеңдері, «Батыр Баян» поэмасы кірді. Ақынға әдебиеттанушылардан, оқырман қауымнан жоғары бағасын әкелген осы жинақтар Мағжанның «қазақтың Пушкині» аталуына себепкер болды. Сондай-ақ Мағжанның талантын сыйлаған замандастарының «Абай ақылдың ақыны, Мағжан ақынның ақыны» деген атау сол кез пайда болды. Ақындық қарымын халық таныған ол 1924-1927 жылдар Мәскеуде Жоғарғы әдебиет пен өнер институтында оқыды.
Осы жоғары оқу орнына түсе салысымен 1924 жылы 23 қарашада Мәскеу қаласында осыған дейін шыққан жинақтары институттың шығыстану бөлімімен негізсіз қатаң сынға алынып, ақын шығармаларын кеңестік идеологияға жат деген қаулы қабылдады. Осыны ұйымдастырып жүрген өзге ұлт өкілдері емес, ақынның тума талантына қарсы өре түрегелген, жаңа үкіметке құдайындай табынған өз қазақтарымыз еді. Олар сұлулықты, әсемдікті жырлайтын көркем өлеңдер жазған ақынға «Мағжан кеңес үкіметін қолдамайды», М.Әуезов айтқандайын, «жасасындатып» өлең жазбайды деп кінәлады. Сол дәуірде төл жаңа көркем әдебиетті қалыптастыруға бел буып, «Алқа» әдеби үйірмесін ұйымдастырды. Бұл сол кез Ж.Аймауытовтың: «Әдебиет — ұлттың жаны… Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды» деген ұшқары пікірімен үндес еді.
Жаңа ұрпақ тәрбиелеуде қазақ елінің білім саласына бағыт-бағдар беретін «Табалдырық» бағдарла-масын ұсынған болатын. Осы ұйым-дарды пендешіліктің пердесімен тұмшалағандар кеңес үкіметімен күресуге құрылған жасырын ұйымдар екен деп жала жапты. Ақынның «Түрікстан», түрік революциясының көсемі Мұстафа Кемалдың жаңашыл бағытын қолдап жазған «Бауырларға сәлем» өлеңдері кеңес үкіметі өлердей қорыққан «пантюркизм», яғни түркі тілдес халықтардың біріктіру идеясы деп бағаланды. Жаңа үкіметтен жаңашылдық күткен нәзік ақын жаны шойынға шапқан қылыштай кілт мұқалып, жігері жасып қалды. Сол қара басына қара бұлт үйірілген сәттер жаны езілген ақын:
…Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың, —
деп қапаланып, «Сарғайдым» деген өлеңінде:
…Түкпір еді ұзақ тұрған үй қылып,
Көп кітапты көп тезектей үйдіріп,
Бір шетінен лауылдатып от қойып,
Кетермін-ау бәрін күл ғып күйдіріп — деп өнерінен түңіледі.
Немесе:
… Қайтуым хақ, белді будым тас қылып,
Кет деме, елім, енді мені басқа ұрып.
Дейтін болса, қой жырыңды, жырауым,
Қобызымды қиратамын тасқа ұрып, —
деп ашына жырлайды.
«Өмірге өкпем» деген өлеңінде:
Сұм өмір, сұлу дүние, алдадың ба?
Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?
Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,
Еңбегім екі болып, жанбадың ба?
Жайшылықта жан қиған жарық дүние,
Талып тұрсам, назарың салмадың ба? — деп түңілгенінен күңіреніп, өзегін өртеген өкінішін, запыранын жыр жолдары арқылы төкті.
Айналасы зерделі сөздерінен зейінді ой көрмей, күнә үстіне күнә жамап, «сарыуайымшыл», «пессимист ақын» деп табалап жатқанда ақынның бұдан басқа амалы бар ма еді? Несін айтамыз. Сол заманның құс қанатты зиялысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандайын, «адымы қарға, әлі мешеу ел» едік…
Ел ертеңі үшін құрған ұйымдары, түбі бір түркілер туралы өлеңдері жау болып тиіп, ақыры 1929 жылы соттатып тынды. Әуелі өлім жазасына кесілген еді, соңынан әйелі Зылиқаның пролетар жазушысы М.Горькийдің әйелі Пешковаға жазған хатының көмегімен жазасы 10 жылмен шектеліп, түрмеде 7 жыл отырып 1936 жылы босап шықты. Туған өңірі Қызылжар қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
Мағжан Бекенұлының өмір жолын, шығармашылық жолын терең зерттеп, бүтін бір кітап жазған тарихшы жазушы, марқұм Шериаздан Елеукенов:
Қызылжарда мұғалім болып жүрген Мағжанға шын мәнісінде ілім-білімге тек ақын ағасының көмегімен қол жеткізіп, әдебиет жолына оның әсерімен келген Сәбит Мұқанов хат жазып Алматыға жұмысқа келуін сұрайды. Әуелде барғысы келмейді, соңынан ойланып, «Алматы ел астанасы ғой, өткенім ұмытылып, үйренген ортама қайта оралармын» деген үмітпен әйелі Зылиқаның қарсылығына қарамастан, 1937 жылы наурызда Алматыға келеді. Бұл кез ішінде Сәкен, Ілияс, Бейімбет бар қазақтың зиялыларына №3881 іс қозғалып жатқан еді. Лаулаған оттың ортасына соқыр көбелектей келген Мағжанды 1938 жылдың 25 желтоқсанында тұтқындап, өлім жазасына кеседі, — деп жазады.
Ал Мағжанның жақсылығын көп көрген С.Мұқанов Алматыға неге шақырды? Мағжанның өзіне жасаған көп жақсылықтарын өтегісі келген ақ ниеті ме еді? Әлде? Жоқ, бұралқы ойдың билігінде кетпелік. Бұған тарихшы, жазушы, Алаш арыстарының арашашысы Тұрсын Жұртбаев «Талқы» деген кітабында «…Сол жылдар Сәбит Мұқановтың өзі де күнде кешкісін жуынып, шайынып, қажетті киім-кешегін жинастырып, жанұясымен қоштасып, «үштікті» күтіп отырады екен», — деп жазады. Иә, ақты «ақ» деп ақтай алмаған, қараны «қара» деп даттай алмаған халқымыздың басына келген тарихтың өліара кезеңі, тағдырына жазған қаралы зар заман екен…
Ақын Мирас Асан:
Бір ақиқат айтайыншы сенгісіз,
Бір түсінер адамсыз ғой шерді Сіз.
Ақындардың туған жылы белгілі,
Өлген жылы белгісіз, — деп жазғаны аяулы ақын Мағжанның жұмбақ өліміне тікелей қатысы бар. Осылай екенін еріксіз еске түсіретін мына жайтты айта кетуіміз орынды.
1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болуы керек. Олардан өзгешелеу басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегі қазақ сияқты. Мен жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да, үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жиып алғанша, ол теріс қарап отырған күйде:
— Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, — деді. Сол кезде барып есіме Мағжан түсіп, өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:
— Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, — деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, көмектескім келді де:
— Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын тұрыңыз, — дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғанын айтты, — деген Бауыржан Момышұлының көзінің тірісінде бір журналиске берген сұхбаты Егемен Қазақстан газетінің 2013 жылғы санында жарияланған еді.
Осыдан шығар түйін, Мағжан ақын 1938 жылы атылудан аман қалған болып тұр. Олай болса аяулы ақын Мағжан жарық дүниемен қоштасқан жылы әлі белгісіз, жұмбақ күйінде. Осының төңірегінде пікірталастар толастар емес. Алды өмірден өткен, соңы жер басып жүрген ғалым ағаларымыз, інілеріміз осыған нүкте қою керек деген пікірлерін де айтуда. Сонда шындық қайда қалмақ? Ақын өмірінің нүктемен шектелмейтінін еске ала отырып, әзірге нүкте қоюға ерте ме деп ойлаймыз. Жылыстап жылдар өтер, әлі өмірге бірінен-бірі озған осы Мағжан бабамыздай тума таланттар келер, осы ұрпақ жете алмай кеткен шындыққа солар жетер. Ол үшін ақын Мағжанның төменгі жыр жолдары әр қазақтың жүрегінде жатталып қалуы тиіс деп ойлаймын.
…Жыршыл құс бақырайған бақа көрсе,
Барқылдап тарбақ бақа әнін бөлсе,
Ойлансаң таң қаларлық ештеңе жоқ,
Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе.
Самат Мәненұлы, Ертіс ауданы.
Аштық кесапаты
Түнде
Бұлттар бүркеп, жоқ қазір ай сәулесі,
Жұлдыз біткен жоғалған — көк еркесі,
Тастар жансыз, қар көміп, үнсіз күйде,
Өзен өлі, сұп-сұр қыр келбеті.
Шоқ талдың түбі ғана жұмсақ құмдауыт,
Ұры-қарылар біліп қойса — сол қауіп.
Маңдайынан тері шып-шып тамшылап,
Еркін байғұс, құм аршуда қопарып.
Қап түбінде екі ешкінің еті бар,
Қарауыл боп тұр, қасында — жары Жамал.
Бір үйлі жанның үміт күткен азығы,
Оны сақтар одан басқа жоқ амал.
Сәл қарауытты шым баспана сұлбасы,
Көптен бері түтін шықпай мұржасы,
— Тықыр бар ма? — деді Еркін сыбырлап,
Құлақ қойып, дұрыстап бір тыңдашы?
Ашулы аштық, әлсіздерді жалмаған,
Үкімет үнсіз, желді сөзбен алдаған,
Солтүстік бекетке қашқандар көп,
Аңнан із жоқ, құстар да жоқ самғаған.
Көз көрді
Кіре беріс дәлізі тақтай есік,
Орта тұсында бар еді кішкене тесік.
Темір ілгек ашылып кетпесін деп,
Еменнен тіреу қойған дәлдеп кесіп.
Жамал кеп, саңылаудан сығалады,
Үш адам жүр, қолында — ілгіш ұстағаны.
Екеуі мас кісідей теңселеді,
Жамал әзер шыдады — шықпай жаны.
Ақсары күл-қоқысты қопарды ептеп,
Ұшып кете жаздады: — мәсі, мәсі! — деп.
О, тағдыр! Қазақтың күткені осы ма екен,
Тірі қалар ма, пендесі тері жеп?
Күрсінді Жамал, қатты ойланды,
— Қашан бітпек қу тағдырдың сынағы.
Аямады-ау, қызыл көз сұм дүние,
Өзгере ме туған жер болашағы?
Шешім
Еркін бүгін шешіміне тоқтады,
Айтпақшы жан-жарына жоспарды.
Дәл төрге жинап алды туғандарын,
Жамал: — Бұнысы несі? — деп таңқалды.
— Кәне, ұғып ал!? — деп бұйырды Еркін,
Төңіректегі нәубет бізге де жақын.
Сібір жақтан бір керуен келеді, — дейді,
Ақша беріп, ілесуге бар ғой хақым.
Бәріңе киер киім, тамақ керек,
Шаңыраққа өзің ие бол! — дегім келед.
Несіп бой жетті, ала кетсем жөн,
Асқа ортақ болмайды, ол да көмек.
Жігерлене, Еркіннің жүзі өзгерді,
-Керекуден тез аралап? — деп сөз берді.
Біле тұра, қиындыққа бас тікті,
Жамал қайтсін, амалсыз тез көнді.
Әке мен қыз сол сапардан оралмады,
Жұқпалы оба орып түсті оларды.
Сарғайды, жарын тосты асыл ана,
Жүректе сағыныштың табы қалды.
Тарихта із қалдырған талай дастан,
Жұмбақты сол жылдардың сырын ашқан.
Тәуелсіз мемлекет бар, тұрмыс жақсы,
Бақытты халқымыз, ашық аспан!
Қайролла Дүйсенбайұлы, қаламгер ұстаз, Екібастұз қаласы.