Ағымдағы жылы Рождественка ауылдық округінде «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Соның ішінде әлеуметтік ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, спорттық нысандар бой көтеруде. Жақында аталмыш ауылда шағын футбол алаңы салынып, елді мекен тұрғындарының игілігіне берілді.
Ауыл халқы мен балаларды қуанышқа бөлеген спорттық нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Николай Дычко жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қоюы үшін бүгінгі таңда елімізде барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Айтуынша, асқақ рух пен қара күшке ие болашақ чемпиондар – осындай ауылда тәрбиеленеді.
— Мәдениет пен спорт – ел айнасы. Бүгінде ауданда бірқатар мәдени ошақтардың құрылысы жанданып, спорттық нысандар салынып жатыр. Жақында Розовка ауылының Мәдениет үйін жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйым ғимараттың шатырын ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, осы жылы жастардың бастамасымен Рождественка ауылында шағын футбол алаңы салынды. Енді жергілікті балалар жаңа спорт алаңында футбол ойнай алады, — деді Н.Дычко.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.