Ауданда мектеп жанынан ашылатын бейінді лагерьлерді ұйымдастыру мәселесі бойынша семинар өтті.
№2 Ертіс мектебінде өткен шараға мектеп директорлары, медицина қызметкерлері, ішкі саясат, төтенше жағдайлар, санитарлық-эпидемиологиялық бөлімдерінің мамандары, учаскелік инспекторлар қатысты. Жиында жаз мезгілінде балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік шарасын сақтау, төтенше жағдайға жол бермеу мәселелері сөз етілді. Әсіресе, лагерьдің дұрыс жабдықталуы, тамақтан улану фактілерін болдырмау, суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтау мәселелері көтерілді.
— Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жалпыға ортақ міндет. Құқық қорғау өкілдері мен ата-аналар да балалар үшін жауапты болуы тиіс. Бұл ретте ата-аналардан балаларын далада қараусыз, үйде жалғыз қалдырмауды сұраймын. Бұл мәселеде бейқамдық танытуға болмайды. Әр ата-ана баласының қайда жүргенін, немен айналысып жатқанын қатаң бақылауы тиіс. Сонда ғана оқыс жағдайлар орын алмайды, — дейді төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері Б.Омаров.
А.АСҚАРҚЫЗЫ