Газет оқырмандарына осыдан біраз уақыт бұрын үнемі ұлттық мәселелер, ересек оқырмандарға және балаларға арналған өлеңдер мен әңгімелер жазатын Ақсу қаласының ұстазы Бақыт Бұланбаеваның есімі етене таныс. Таяуда тұрақты авторымыздың дүниеден өткені туралы суыт хабар алып, қабырғамыз қайысты.

Бақыт Қарманқызы газет бетінде өзекті мәселелерімен әртүрлі тақырыпта жиі хат-хабар, мақала жариялайтын еді. Сондай-ақ, «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер қосымшасында оның әңгімелері мен өлеңдері ұдайы көрініс табатын. Ол ұзақ уақыт бойы басылым бетінде өз оқырмандарын қалыптастырып, редакцияға келіп, сол кездегі аға буынмен, жастармен жиі араласып тұратын.

Әуелде газетке хат-хабар, шығарма беріп жүрсе, кейінгі жылдары барлық жазбаларын топтастырып, жеке кітаптарын шығара бастады. Олардың арасында ұлт қайраткері, ұстаз Қатыршат Шүлембаев туралы жеке кітап жазып шықты. Сондай-ақ, сатирик ақын, Ақсу қаласының тумасы, ұлт қайраткері Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы еңбегін оқырманға ұсынды. Одан басқа Б.Бұланбаеваның «Әңгімелер» (2010 ж), «Қасиетті туған жер» (2010), «Тәуелсіздік арманы еді Алаштың» (2011), «Павлодар – алтын бесігім» (2013) атты рухани-патриоттық бағыттағы жинақтары жарық көрді. Баспа бетін көріп үлгермеген тағы бір кітабы болуы мүмкін.

Бақыт Бұланбаева апайымыз Ақсу қаласының Қатыршат Шүлембаев атындағы орта мектепте қарапайым ұстаз бола жүріп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жарарлық біршама шығармашылық мұрасын қалдырды.

Газет редакциясы ұстаз, жазушы Бақыт Бұланбаеваның қайтыс болуына байланысты ұрпақтарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Апайымыздың жарқын мінезі, өнегесі оны танитын бауырларының жадында мәңгі сақталады.

 

Редакция.