Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров және Қанаш Қамзин атындағы ауылдық округтерге жаңа өрт сөндіру көліктері табысталды. Енді қызыл жалынға қарсы күрес бұрынғыдан да кешенді түрде жүргізілетін болады.
Қанаш Қамзин ауылдық округінің аумағындағы өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері бұған дейін ескі қызметтік көлікпен қатынайтын еді. Зауыттан шыққанына 40 жылдан астам уақыт болып қалған бұл көлікпен оқыс оқиға орнына дер кезінде жетуде ара-тұра қиындық туындағаны тағы бар. Енді мұндай түйткілдің барлығы артта қалды. Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов аталмыш ауылдағы бекетке жаңа көліктің кілтін табыстады.
Қанаш Қамзин ауылдық округінің әкімі Амангелді Рүстемовтің айтуынша, елді мекендегі өрт сөндіру бекетінде төрт адам еңбек етеді. Олар қызыл жалын шарпыған аумаққа алғаш болып жетеді. Мұндайда уақыт оздырмас үшін барлық қажетті құралмен қамтылған жаңа техниканың мүмкіндігі мол. Әсіресе, көктемгі, күзгі өрт қаупі жоғары кезеңде өрт сөндірушілердің тілсіз жауды тез арада ауыздықтауы үшін осындай көлік керек-ақ. Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық округ иелігіне де қызмет көлік берілді.
Сонымен қатар, Нұрлан Дүйсенбинов бірқатар ауылдық округке арнайы жабдықтар, ал қызметкерлеріне елеулі еңбегі үшін Алғыс хаттар табыстады.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.