Биыл облысымызда 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беруге 82 млн теңге бөлініп отыр. Мұндай мүмкіндікке кәсіпкерлердің тек екі санаты ғана ие бола алады.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаев мәлім етті. Конкурсқа құжаттарды қыркүйек айында қабылдау жоспарлануда. Өтінімдерді Kezekte.kz ақпараттық жүйесі арқылы беруге болады.
5 млн теңгеге дейінгі гранттар бұған дейінгі жылдарда да үлестіріліп келді. Биыл екі санат қана қамтылмақ. Біріншісі – «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасының жеңімпаздары. Мұндай байқауды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы өткізеді. Екіншісі – әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімінде тұрған шағын және орта бизнес субъектілері.
«Әлеуметтік кәсіпкер» түсінігі жуырда ғана қолданысқа енгізілді. Қазіргі таңда аймағымызда мұндай мәртебені 7 кәсіпкер алған. Тағы 4 өтінім қаралуда. Мұндай мәртебеге қол жеткізетіндер санаты белгіленген. Олар — мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, заңды өкілдері, зейнет жасына дейін 5 жыл қалған егде жастағылар, балалар үйлерінің түлектері, аз қамтылған отбасылар, көпбала өсіріп отырған ата-аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, қандастар. «Әлеуметтік кәсіпкер» мәртебесін алу үшін тиісті құжаттарын тапсырады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дюсупова да қоғамның осал топтары мен жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мүмкіндіктер жайында баяндады. Кәсіп ашқысы келген азаматтарға «Бастау» онлайн оқыту жағдайы қарастырылған. 12 модульдан тұратын курсты бизенске бет бұрғандар арнайы онлайн платформадан оқып, аяқтаған соң сертификат алады. 3 жылға жарамды сертификат қайтарымсыз грант, шағын несиелер конкурсына қатысу кезінде қажет болады. 400 АЕК көлемінде грант биыл екі лекпен беріледі. Биылға 443 грант түрінде аймағымызға лимит белгіленген. Мұндай гранттарды ауылдық елді мекен тұрғындары ауыл шаруашылығын дамытуға алса, қалалықтарға қызмет көрсету саласына көбірек берілген. Одан бөлек, жас кәсіпкерлерге 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие үлестірілуде. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ауыл шаруашылығы кәсіптеріне 7 жылға дейін, қалғандарына 5 жылға дейін беріледі. Былтыр облыста 172 жас кәсіпкер өз бизнесін бастаған. Оларға барлығы 785 млн теңге берілген. Қазір солардың жетеуі несиесін толық жауып тастаған. Биылға 820 млн теңге қарастырылып отыр. Шілде-тамыз айларында өтінім қабылдау басталады.
Г.МАҒЖАН.