Павлодар облысы Успен ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында жыл өткен сайын өсу көрсеткіші байқалады. Оның ішінде агроөнеркәсіп, мал шаруашылығы, құрылыс сынды салаларды дамыту аясында қол жеткізген табыстары көңіл қуантарлық. Биыл аталмыш ауданда әсіресе экономиканың күре тамырына айналар
жол жөндеу жұмыстары қарқын алды.

 

Мердігерлер міндеті — жауапты

Биыл тоғыз жолдың торабындағы Успен ауданына қарасты жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасып, бір-
қатар жол жаңғыртылып, жақсартылды. Аудандық маңызға ие жолдардың 18,42 шақырымын жөндеу үшін ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 715,404 млн теңге бөлініп, бұл жұмыстарды атқаратын мердігерлер де анықталды. Бүгінгі күні аудан орталығы мен елді мекендерде жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқа-
рушы Виктор Негриенконың мәліметінше, Успен ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 660,4 шақырымды
құрайды. Оның 98 шақырымы
республикалық, 123 шақырымы —
облыстық, 136,5 шақырымы — аудандық маңызға ие жолдар. Сондай-ақ, 302,9 шақырымды тұрғын үй көшелері құрайды.

— 2024 жылы жалпы ұзындығы 18,42 шақырымды құрайтын аудандық маңызға ие жолдарды жөндеу жоспарлануда. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 715,404 млн теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде 3 жылдық жоба шеңберінде Тимирязев ауылында жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргі-зілуде. 2022-2023 жылдары оның 9 шақырымы жөнделді. 2024 жылы 14 шақырымды жөндеу жоспарлануда. Мердігерлік ұйым — «Пкф ГорДорСтрой» ЖШС. Аталмыш мердігерлік ұйым биыл Луганск – Константиновка бағытындағы 4,42 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолға да орташа жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күні бұл учаскеде асфальтбетон төсемдері орнатылуда. Жоспарға сәйкес барлық жұмыстар 2024 жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл жалпы сомасы 612,651 млн теңгеге елді мекендердегі жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын көшелерді орташа жөндеу және жалпы сомасы 127,6 млн теңгеге 3 шақырым құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр, — деді В.Негриенко.

Сонымен қатар, Успен ауылдық округінің әкімі Сергей Саламацкийдің айтуынша, биыл аудан орталығында ауылішілік жолдарды жөндеумен қатар, тротуар салу, көшені жарықтандыру жұмыстары қарқын алды. Мәселен, ағымдағы жылы Успен ауылындағы Гагарин көшесіне жалпы ұзындығы 240 метрді құрайтын тротуар салынып, негізгі 5 көшеге 543 жарық шамдары орнатылмақ.

— Успен ауылында жалпы 52 көше бар. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 2020 жылдан бері аудан орталығындағы ауылішілік жолдарға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жалпы ұзындығы 5,94 шақырымды құрайтын 8 көшенің жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 248 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта «МКК-Элит Строй» ЖШС-мен 224,4 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, мердігерлік ұйыммен аталған 8 көшенің 6 учаскесіне қиыршық тастар төсеу жұмыстары аяқталды, — деді ауылдық округ әкімі.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Қоңырөзек ауылының елді мекен ішіндегі жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Биыл аталмыш ауылда жалпы ұзындығы 5,08 шақырымды құрайтын 6 көшенің жолдарына асфальт жабыны төселмек. Мердігер — «ИНЭК Казахстан» ЖШС. Жобаның жалпы сомасы 169 млн теңгені құрайды. Айта кетейік, бұл елді мекен ішіндегі жолдардың жөндеуі соңғы рет 1980-82 жылдары жүргізілген. Биыл ауылдағы Милевский, Мир, Советов, Сейфулин, Степная, Музыка көшелерінің жолдары жаңғыртылады. Қазіргі уақытта аталған учаскелерге асфальтбетон жабынын орнату, таңбалау, жол белгілерін орналастыру, жол жиектерін нығайту жұмыстары аяқталды. Барлық жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу жұмыстары жүргізілуде.

 

Құрылыс көлемі ауқымды 

Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарыштап дамып келеді. Әсіресе, халық қажеттілігін өтейтін нысандардың бой көтеріп, ел мүддесіне жұмыс жасап жатқандығы көңіл қуантады. Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Ади Таласбаев мәлім еткендей, бүгінгі таңда Успен ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс-монтаждау жұмыстары 42 пайыз, сыртқы су құбыры желілері мен электрмен жабдықтау 100 пайыз орындалды. Мердігерлік ұйым — «Промжилстройкомплекс» ЖШС. Жоба авторы — «Санжар Проект Сервис» ЖШС.

— Бүгінгі күні спорт кешенін сыртқы жылу желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары 90 пайыз орындалды. Жобаға сәйкес ғимараттың іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілді. Қазіргі кезде шатыр, терезелер, күнқағар, еденге арналған бетон төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ғимарат қаңқасының металл құрылымын монтаждау жұмыстары орындалуда. Келісімшартқа сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Жобаға техникалық сүйемелдеуді «KZ Құрылыс Сапа» ЖШС іске асырады. Жобаның жалпы сомасы 514 млн теңгені құрайды, — деді ол.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда 500-ден астам тұрғыны бар Қоңырөзек ауылдық округінде «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлов жалпы білім беру мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мектеп директоры Гүлнәр Мағанованың айтуынша, бұл білім ордасы 1984 жылы салынған. Қазіргі уақытта білім беру мекемесінде 29 ұстаз еңбек етеді. Оқушылардың жалпы саны 85 баланы құрайды. Сондай-ақ, мектепке дейінгі шағын орталықта 21 бүлдіршін бар. Мұнда соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы жүргізілген екен.

— Ғимараттың күрделі жөндеуіне 126 млн теңге сомаға келісімшарт жасалды. Мердігер — «Кұрылыс инжиниринг орталығы» ЖШС. Бүгінгі күні есік блоктарын (20 дана) ауыстыру, қабырғаларды әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат ішіндегі жұмыстардың жалпы көлемі 30 пайыз орындалды. Сондай-ақ, аумақты абаттандыру бойынша күрделі жөндеу және касбетті жөндеуге 123 млн теңге бөлінді. Мердігерлік ұйым — «Адина-строй проект» ЖШС. Қазір мектептің сыртқы келбетіне сайдинг панельдерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыруда жергілікті тұрғындар16 уакытша жұмыс орнымен қамтылды, — деді ол.

Сондай-ақ, Қоңырөзек ауылдық округінің әкімі Руслан Кумуков алдағы уақытта ауылдағы Даңқ скверіндегі тротуар аймағын орташа жөндеу жұмыстары жоспарланғанын атап өтті. Айтуынша, биыл Қоңырөзек, Вознесен, Дмитриев, Надаров ауылдарындағы 4 Даңқ обелискісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылмақ.

— 2026 жылы Вознесен ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 2 көше мен 4 тұйық көше жөнделеді, мектеп пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар үшін шағын футбол алаңы бар заманауи спорт аймағы, воркаут алаңы және белсенді демалуға арналған абаттандыру элементтері бар көше тренажерлері салынады, —
деді ауыл әкімі.

Ауданда жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу мерзімі бәрінен де маңызды екені белгілі. Себебі ,құрылыс саласы ұдайы бақылап отыруды қажет етеді. Бүгінде аудандағы әлеуметтік нысандар мен жол құрылысының сапасы — жауапты мекемелер мен аудандық мәслихат депутаттарының бақылауында.

 

Егістік алқабы кеңейді

Жыл санап өрісі кеңейген, тынысы ашылып, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған Успен ауданының ауыл шаруашылығындағы өрелі істер жеткілікті. Мәселен, 2024 жылы аудандағы болжамды егіс көлемі 249,6 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға артық.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Кристина Искакова ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстарының жоспарына сәйкес 276,8 мың гектар аумақта ылғалдандыру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта 160,8 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар, 45,3 мың гектар жерге майлы дақылдар,  8,5 мың гектар аумаққа жем-шөп және 5 мың гектар жерге көкөніс себілді.

— Ауыл шаруашылығы жобасын табысты жүзеге асыру үшін аудандағы 43 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,1 млрд теңгеге несие берілді. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 601,7 млн теңгеге
13 несие, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 694 млн теңге сомасына 19 несие берілді. Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 62,1 млн теңгеге 4 жоба, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 799,1 млн теңге 7 жоба қолдау тапты. Өсімдік шаруашылығының өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау тәртібіне сәйкес биыл Успен ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 324,7 млн теңге сомасында субсидияланды. Оның ішінде тұқым шаруашылығына
45 млн теңге, пестицидтерге 232,5 млн теңге, минералды тыңайтқыштарға 47,2 млн теңге бөлінді. Өз кезегінде, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шаруа қожалықтары 18,8 мың тонна тұқым сатып алды, — деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, аудан бойынша 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 3679 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінгі таңда 3329 тоннаға өтінім беріліп, 2929 тоннаға төлем жасалды. Сондай-ақ, 2773 тоннасы экспортталды. Биыл дала жұмыстарына барлық моди-фикациядағы 871 трактор, 603 сепкіш, 37 егіс кешені және 1660 ауыл шаруашылығы техникасының басқа түрлері жұмылдырылды. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 1,2 млрд теңгеге аудан бойынша 15 жаңа заманауи техника сатып алынды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы техникасын жаңартқан шаруа қожалықтарының бірі – «Алдияр» шаруа қожалығы.

Аталған қожалық басшысының орынбасары Руслан Дауылбаевтың айтуынша, биыл шаруашылыққа тиесілі егістіктің жалпы көлемі 5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2 мың гектар жерге бидай, 2 мың гектар алқапқа күнбағыс және 1 мың гектарға тары мен қарақұмық егілді. Ағымдағы жылы егістік алқаптарында 4 ауыл шаруашылығы кешені мен 4 бірлік техника жұмылдырылды.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Успен ауданы.