Облыс орталығындағы бұрынғы №1 қалалық емхана, қазіргі «Poliklinika №1» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігінің хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еркін Нұрғалиев- денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Тәжірибелі хирург травматолог саласын да меңгерген. Тұрақты қызмет орнынан бөлек, бірқатар жекеменшік клиникаларда да еңбек етеді. Адал еңбегімен абырой биігінен көрінген білікті дәрігермен тілдесудің сәті түсті.
— Еркін Боздақұлы, алдымен өткен аптада ғана Медицина қызметкерлері күні қарсаңында алған жоғары марапатыңызбен құттық-таймыз.
— Рақмет. Медицина қызмет-керлері күніне орай, «ҚР-ның Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Еңбегіміздің еленіп жатқаны қуантады. Медицина саласында 42 жыл табанды жұмыс істеп келемін. Осындай мәртебелі марапатқа лайық деп танылға-ныма ризамын.
— Медицина — қиын әрі күрделі сала. Бұл мамандықты не себепті таңдадыңыз?
— Мектепті 1976 жылы бітірдім. Біздің уақытта медицина саласына оқуға түсу үшін үлкен конкурстан өту қажет еді. Ол кезде оқуға түсу қазіргідей оңай емес. Ақылбай Мәлікұлы деген көршіміз хирург болып жұмыс істеді. Ол кісіні ауылда бәрі сыйлайтын, құрметпен қарайтын. Әжем де үнемі мақтап отыратын. Мектепті бітірген кезде досым индустрия саласына, мен спортқа баратын болып шешім қабылдаған едік. Бір күні әлгі досым медицина саласын таңдағанын айтты. Сөйтіп мен де құжаттарымды осы мамандыққа тапсырамын деп шештім. Екеуіміздің де бағымыз жанып, оқуға түстік. Көп оқу мен ізденісті қажет ететін салада жұмыс істеп келеміз. Білікті маман атану үшін күні-түні кітап оқыдық. Әлі де оқимыз. Өйткені жаңа технологиялар күн сайын енгізілуде. Оның бәрі жан-жақты білімді қажет етеді.
— Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?
— Қолыма диплом алған уақытта алғашқы қызметімді Май аудандық ауруханасынан бастадым. Ол жерде 1984-1994 жыл аралығында 10 жыл еңбек еттім. 1994-2008 жылға дейін Ақсу қалалық ауруханасында хирургия бөлімшесіне жетекшілік еттім. Шаһардың бас хирургі болдым. 2008 жылы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханасына орналастым. Ол жерде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсеттім. Оқыс жағдайларға тап болған адамдардың өміріне араша түстім. Күні-түні күрделі оталарға қатыстым. Бұл ретте соқыр ішек, асқазан жарасы сынды аурулармен қатар жол апаты, оққа ұшқан немесе пышақтан жараланған адамдарға ота жүргіздім. Бір тәулікте 40-50 адамды қабылдап, 4-5 отаға қатыса-
тынмын. Аталған орында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіппін. 2011 жылы қосымша қазіргі «Poliklinika №1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де жұмысқа тұрған едім. Бүгінде зейнетке шықсам да, еңбек етуді жалғас-
тырудамын.
— Өзіңіз басшылық ететін хирургия бөлімшесінің жұмы-сына тоқталсаңыз…
— Бөлімшеде салалық мамандармен бірге емделушілерге амбулаторлық көмек көрсетеміз. Бұл ретте уролог, жүрек-қан тамыр хирургі, онколог, травматолог, гастроэнтеролог, невропатолог, эндокринолог, ревматолог, лор, окулист, кардиолог сынды дәрігерлер науқастарға ем жүргізеді. Мамандар шұғыл және жоспарлы көмек көрсетумен айналысып келеді. Мәселен, амбулаторлық негізде емделетін науқастарға қажетті ем-шара тағайындалады. Егер емделушінің сырқаты қосымша сараптаманы қажет етсе, түрлі талдау жүргізеді. Ал науқастың жағдайы ауыр болса, оны стационарға жатқызады. Ауруханадан шыққан науқастар тағы да біздің бақылауымызда болады. Олар денсаулығы толық қалыпқа келгенше ем қабылдайды. Бұдан бөлек, диспансерлік есептегі адамдар да бар. Мысалы, эндокринолог қант диабеті, зоб ауруына шалдыққандарды бақылауға алады. Невропатолог эпилепсия, инсульт, қан қысымымен ауыратын науқастарды қадағалайды. Хирургия бөлімшесінде амбулаторлық оталар жүргізіледі. Оған өзім де қатысамын. Көп жағдайда адам денесіндегі кішігірім ісіктерді жойып, іріңдеген жараларды тазалаймын.
— Ең алғаш жұмысқа орналасқан уақыттағы медицина саласын қазіргі уақытпен салыстыруға болмайтын шығар. Соңғы 40 жылдың ішінде қалай өзгерді?
— Әрине. Қазіргі медицина саласында үлкен өзгеріс бар. Қазір денсаулық сақтау саласына көптеген технология енгізілді. 1984 жылы еңбек жолымды бастаған уақытта ультрадыбыстық зерттеу, асқа-
занды тексеретін ФГДС құрылғылары болмады. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін сала дами бастады. Ақсу қаласында еңбек етіп жүрген кезде эндовидео хирургияны алғаш жүргізе бастадым. Аз инвазивті әдістерді де алғаш рет қолдандық. Ағза сақтайтын оталарды да жүргіздік. Қазір технология қарыштап дамып жатыр. Бірақ әлі де медицина саласы қажет ететін технологиялар бар. Құрылғылардың тілін меңгерген мамандар да керек. Қазіргі медицинадағы өзгерістерді фантастикалық жағдай деп айтуға болады. Дәрігерлер қауымы шет ел мамандарынан кем емес деңгейде ем жүргізіп, ота жасай алады. Бәрі оқыған, білікті.
— Дәрігерлерге келетін жүктеме қалай? Күніне қанша адам қабылдайсыз?
— Өкінішке қарай, жүктеме азайған емес. Мәселен, бөлімшедегі травматолог дәрігерім ауырып қалды. Тағы бір хирург жұмыстан кетті. Бірақ емделушілер күн сайын келеді. Өзімнің 3 сертификатым бар. Оның ішінде травматолог саласы бойынша білімімді 2 рет қорғадым. Науқастарды травматология ретінде 10 жыл қабылдап келемін. Жалпы, күніне кем дегенде 30-40 адам қабылдаймын. Кешкі уақытта А.S.K. Med, Profimed, Mediker сынды жекеменшік клиникаларда да қабылдау жүргіземін.
Бас дәрігерлер жұмысқа шақырғанда ұсыныстан бас тарта алмаймын.
— Өзіңіз бірнеше жерде жұмыс істейтініңізді айттыңыз. Бұл жағдай медицина сала-сындағы кадр тапшылығы мәселесін ашық көрсетеді. Мұнымен қалай күресу керек?
— Иә, аймағымызда кадр тапшы-лығы мәселесі өзекті күйде тұр. Білікті дәрігерлердің барлығы бірнеше емдеу мекемесінде жұмыс істейді. Себебі, маман тапшы. Бұл мәселемен күресуде ең алдымен дәрігерлерге жағдай жасалу керек. Оларды баспанамен қамтып, еңбекақыны көтеру қажет. Медицина саласы маман-дарының мәртебесін көтеру керек.
Соңғы уақытта дәрігерлердің мәртебесі төмен түсіп кеткен сияқты.
Кеңес Үкіметі кезімен салыстырғанда қазір денсаулық сақтау мекемесі 4 есе азайды. Бірақ науқас халық саны күн сайын артуда. Дәрігерлердің жүктемесі көп. Ал жас мамандар бұған шыдамайды. Қазіргі жастар біз сияқты емес. Біз кезінде тек жұмыс, жұмыс деп жүре берген адамдармыз. Еңбекақысыз жұмыс істеген кездер де болды. Ал жас мамандар жұмыс уақытын аяқтап, демалғысы келеді. Өмір болғаннан кейін ол да дұрыс. Себебі дәрігерді отырғызып қойып, күні-түні жұмыс істеткізе алмаймыз. Оның дәрежесін арттыратын оқуларға, тәжірибе алмасуы үшін қалаларға, шет елдерге де шығару қажет. Бұл арқылы өз мамандығына деген қызығушылықты арттырамыз. Қазір дәрігерлердің еңбекқасы артқа-нымен, оның көлемі тәжірибеге қарай есептеледі. Қызметке келген жас мамандардың еңбегін жоғары деп айта алмаймыз. Қазіргі инфляцияға байланысты ақша да құнсыз болып барады. Кадр мәселесін шешуде кешенді жұмыс керек. Жас мамандардың біліктілігін арттырып, оларды көтермелеп, қолдау көрсету қажет. Кадр арасында бәсеке болу қажет. Ал бізде ондай емес, себебі орын бос тұр. Сондықтан сапаны да арттыру керек.
— Қазір хирург маман-дығын меңгеру үшін 10 жыл білім алу қажет. Сондықтан дәрігер мамандығында оқи-
тын студенттердің басым көпшілігі 7 жылдық білімді меңгеріп, жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт атануда. Жалпы, хирургия саласының ардагері ретінде жас маман-дарға 10 жыл оқу көп деп ойламайсыз ба?
— Мен хирург атану үшін 7 жыл білім алдым. Оның ішінде 5 жыл жалпы медицинаны оқыдым, 6-шы жылы хирург-субординатор болып бөлініп, тек хирургиямен айналыстық. Ал 7-ші жылы жұмыс істедік. Ол интернатура деп аталды. Хирургия бөлім меңгерушісінің қол астында бір жыл еңбек еттік. 3 мәрте мемлекеттік емтихан тапсырдық. Одан кейін диплом алдық. Ал қазіргі салада резидентура, магистратура деген дәрежелер шығып жатыр. Талап бойынша оқуға тегін түсу керек. Ал ақылы негізде оқу қымбат. Сондықтан студенттер жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт сынды мамандықтарда білім алуда. Мұның барлығы Еуропаның стандартынан келген жаңашылдық. Мұның бәрі жоғарыда айтқан маман тапшылығын тудырады. Сондықтан мамандарды дайындағанда интенсивті жағдайларға көшу керек деп ойлаймын. Оқуды көп жылға созған дұрыс емес. Жүйелі білім бағдарламасы арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешуге болады.
— Жұмысыңыз қауырт болса да, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан — Айдана ҚУАНЫШЕВА.