Бүгінде әр адамның басты мақсаты – баспана алу. Бағасы аспандап тұрған пәтерді жалдап жүру ешкімге оңай соқпасы анық. Өз үйіңе қол жеткізу де — қиынның қиыны. Әсіресе, екінші деңгейлі банктерден шарықтап тұрған пайыздық мөлшерлеме бойынша ипотекалық несие алуды бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламаларды қолға алып, соның аясында жеңілдетілген несиелер беруді тапсырды. Ерекшелігі, ипотекалар ауылдағы ағайынның да баспана жағдайын жақсартуға бағытталмақ. Бұл бағдарламалардың тағы қандай басым тұсы бар? Облыс жұртшылығына олар қаншалықты қолжетімді? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановпен аз-кем тілдескен едік.
— Нұрлан Сағындықұлы, биыл тұрғын үй ипотекасы бағытында екі бірдей мемлекеттік бағдарлама – «Отау» және «Наурыз» бастау алғаны белгілі. Аталмыш бағдарламалардың іске асу барысы қалай?
— Иә, осы жылдың басты жаңалығы әрі пәтер алу бойынша қос бірдей тиімді мүмкіндік – «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. Жастардың басым бөлігіне пәтер бағасының 50 пайызын жинау ауыртпалық тудыратынын аңғардық. Әрі пәтер жалдап жүріп, әрі жинақ шотқа ай сайын белгілі бір көлемде сома салу оларға шынымен қиын. Сол себепті
«Отау» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бұл бағдарламаға бөлінген 150 млрд теңгенің 60 пайызы 18-35 жас аралығындағы жастарға жұмсалмақ. Қалған 40 пайызы 35 жастан асқан салымшыларға бағытталады. Аталмыш несие жылдық 9 пайыздық мөлшерлемемен (ЖТСМ 9,2% бастап 11,8% дейін) 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Қарыз сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Ал бастапқы жарнасы – 20 пайыз.
Бұл ретте басты мақсат жас отбасыларды баспана бақытына бөлеу болса, екінші мақсат – тұрғындарды мүмкіндігінше ертерек ақша жинауға ынталандыру. Сол себепті де «Отау» бағдарламасына қатысудың негізгі шарты ретінде
18 айдан асқан мерзімде депозиттің болуы деген талап белгіленді. Оған қоса, бұл шотта кемінде 1 млн теңге болуы шарт. Сол арқылы тұрғындарды аз-аздан болсын қаржы жинау мәдениетіне бейімдегіміз келеді.
Дей тұрғанмен, осындай шарттар жайлы білген кезде кей тұрғындар тарапынан «Мен депозит ашып үлгерген жоқпын», «Шотқа 1 млн теңгеден аса сома жинай алмай қалдым» сынды пікірлерді ести бастадық. Оны ескеріп, тағы бір бағдарламаны қолға алдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай барысында «Отау» бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отырғанын алға тартып, ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Аталмыш тапсырманың аясында мамыр айында «Наурыз» бағдарламасы іске қосылды. Оның ерекшелігі сол, әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдеріне пайыздық мөлшерлеме өте төмен. Олар несиені жылдық 7 пайызбен (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін) ресімдей алады. Ал өзге салымшылар үшін 9 пайыздық мөлшерлеме (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін) сақталады. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл да — тиімді мөлшерлеме. Мұнда да тұрғын үй сатып алуға қажет қаржыны
19 жылға дейінгі мерзімде, бастапқы жарна ретінде 20 пайызды төлеп алуға болады. Есесіне несие көлемі «Отау» бағдарламасынан көбірек. Бұл ретте салымшылар 30 млн теңгеге дейінгі соманы ала алады. Алдын ала депозит ашып, онда ұзақ мерзім аралығында қаржы жинаудың да қажеті жоқ. Жасқа байланысты бөлу де қарастырылмаған. Бағдарламаға бөлінген 300 млрд теңге 18-63 жас аралығындағы азаматтардың бәріне бірдей беріледі. Зейнеткерлерді де, студенттерді де қаржыландыратын мүмкіндік бар. Жастардың шәкіртақысы кіріс ретінде есептеледі. Егер ол сома жеткіліксіз болса, кез келген адамды қосалқы қарыз алушы ретінде тартуға болады. Атап өтерлігі, осы уақытқа дейін Павлодар облысында «Отау» бағдарламасы бойынша 282, «Наурыз» аясында 837 өтініш қабылданды.
— Облыс орталығында осы бағдарлама аясында алуға болатын жаңа үйлер жеткілікті ме? Білуімізше, жеке меншік құрылыс компаниялары мұндай сұранысты өтеуге қауқарсыз сыңайлы…
— Жасыратыны жоқ, бұл тұрғыдан алғанда түйткілді мәселе бар. Павлодар, Қызылорда және Орал қалалары ел көлемінде жаңа тұрғын үйлері аз үш өңірдің қатарына кіріп отыр. Мәселен, «Отау» бағдарламасы бойынша 862 адам
тізімге ілініп, 282 салымшы іріктеуден өтті. Алайда қазіргі уақытта «Баспана маркет» порталында облыс орталығы бойынша тек 107 пәтер сатылымда тұр. Яғни, іріктеуден өткен азаматтардың өзіне пәтерлер саны аздық етеді. Тағы 600-ге жуық адам банкке жеткен де жоқ. Сондықтан құрылысшыларға ерекше «құлаққағыс» жасағымыз келеді: жаңа пәтер алуды қалайтын павлодарлықтар баршылық, олардың сұранысын ескеріп, үйді көптеп салсаңыздар екен. Одан ұтылмайсыздар. Керісінше, жақсы кіріс келуі керек. Іріктеуден іркілмей өткен салымшыларға қолайлы болуы үшін пәтер таңдауға жарты жыл уақытта та береміз. Бағдарламаның 8 жылдық екенін ескерсек, тұрғын үй құрылысы саласында тың серпіліс болуы тиіс. Павлодар қаласында «Достық», «Сарыарқа» шағын аудандары сияқты мемлекеттік баспана құрылысының өте жақсы тәжірибесі қалыптасқан. Дәл сондай тұрғын үйлерді нарық үшін де салуға болады деп ойлаймын. Біз өз кезегімізде «Отау» бойынша 18 млн, «Наурыз» бағдарламасы аясында 30 млн теңге көлемінде несие беруге дайынбыз.
— Сонымен қатар, бірнеше отандық ірі зауытты біріктіретін компаниямен бірлескен жобалар барын білеміз. Мұндай жобалар қаншалықты тиімді?
— Иә, біз ERG компаниясымен соңғы бес жыл аралығында мығым әріптестік байланыс орната білдік. Компаниямен бірлесіп қолға алған екі корпоративтік бағдарлама бар. Алғашқысы – компанияның өзі үй салып, оны қызметкерлеріне жалға береді. Жас мамандар сол пәтерде тұрады әрі біздің банкте ақша жинайды. Жинақ сомасы 50 пайызға жеткенде біз қалған жартысын несиеге береміз, ал жинаған қаражат автоматты түрде компанияның есебіне аударылады. Бұл ретте ипотека небары 5 пайызбен беріледі. Екіншісі – кредиттік жүйе. Соның аясында облыстық әкімдік, банк пен ERG компаниясы үшжақты қаржы жинап, кәсіпорын қызметкерлеріне бастапқы 10 пайыздық жарнамен және 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несие береді. Былтыр Ақсу электр станциясының бір топ қызметкері осындай жолмен баспаналы болды. Таяуда ERG өкілдерін Ақсу қаласында жинап, осы және өзге де бағдарламаларды таныстырдық. Жақын уақытта павлодарлық тағы бір ірі өндіріс орнымен осындай әріптестік байланыс орнатуға бейілдіміз.
— Енді ауылдағы ағайынның жағдайына ойыссақ. Таяуда «Отбасы банк» кезекті бағдарлама – «Асыл мекен» пилоттық жобасын қолға алды. Бұл туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
— Әлбетте, елдің қазығы – ауылдарды да шетте қалдырған жоқпыз. Осы мақсатта 5 маусым күні «Асыл мекен» арнайы бағдарламасы басталды. Соның аясында 10 млн теңгеге дейінгі соманы 5 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Бұл ретте бастапқы жарна 10 пайызды құрайды. Айталық, салымшы ауылдан баспаналы болу үшін банктен 7 млн теңге алуды қалайды. Бастапқы жарна 700 мың теңгеге тең. Алғашқы 8 жылда ай сайынғы төлем 55 мың теңге, кейінгі 11 жылда 25 мың теңгені құрайды. Артық төлем – 3 млн 400 мың теңге. Мұнда да ұзақмерзімді депозиттің болуы шарт емес. Яғни, бүгін шот ашып-ақ ертең ипотека ресімдеуге мүмкіндік бар. Сол сияқты жер учаскесі болса, несиені баспана салу мақсатында алу қарастырылған.
Бүгінде пилоттық жобаға барлығы 2 млрд теңге қарасты-рылып отыр. Бұл сома шамамен 300 адамның қалауындағы үйді алуына жағдай жасайды. Оның алдағы уақытта жалғасын табу-таппауы тұтынушылардың сұранысына тікелей байланысты. Меніңше, сұраныс жоғары болады. Себебі Павлодар облысында да әлеуеті зор ірі елді мекендер, аудан орталықтары бар. Тұрғындар сондай ауылдардың бірінен үй сатып ала алады. Бұл да – Президент тапсырмаларының бірі.
— Әңгімемізді білім депози-тіне қарай бұрсақ. Биылдан бастап «Отбасы банк» АҚ тұрғын үй жинағымен қатар, білім шотын аша бастады. Алғашқы нәтиже қалай?
— Алдымен атап өтерлігі, елімізде «AQYL» депозиті 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында екінші деңгейлі банктерде 13-15 мың шот ашылды. Біз бұл жүйеге осы жылдың 1 қаңтарында ғана ендік. Сол уақыттан бері ел көлемінде 20 мың депозит ашылды. Олардың қатарында Павлодар облысында ашылған 684 депозит бар. Әлбетте, білім беру жинағы тұрғын үй жинағынан бөлек. Оның шарттары мен талаптары басқа. Бұл ретте басты мақсат – ертеңгі күні балалардың жарқын болашағының іргетасын қалау. Бала мемлекеттік грантты иелене алмай қалса, ата-анасы еш алаңсыз «AQYL» депозитіндегі қаржыны пайдалана алады. Қазақстан мен Израиль еліне ғана тән ерекшелік – жоғары табысты өмір сүру жағдайында туу көрсеткішкі жоғары деген көрсеткішті есепке алар болсақ, алдағы бірнеше жылдың дересінде мемлекет тарапынан бөлінетін білім беру гранттары түлектерге айтарлықтай аздық етуі мүмкін. Демек, қазіргідей мектеп бітірушілердің барлығы бірдей тегін оқи алмай қалады. Сондықтан да білім беру депозиті тиімді. Оны бала туған сәттен бастап-ақ ашуға болады. Ата-ана салған қаражатқа жыл сайын банк 12 пайыз көлемінде ақы қосып береді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әлеуметтік осал отбасылардың балаларына 7 пайыз, басқа салымшыларға 5 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы есептеледі. Осындай басым тұстардың барлығын мектептерде, басқа да білім беру ұйымдары мен ұжымдарда кеңінен түсіндіре бастадық. Сондықтан болар, салымшылар тарапынан білім беру жинағына да қызығушылық бірден артты.
— Сол сияқты «Ұлттыққор – балаларға» жобасы аясында шоттағы соманы білім беруге, тұрғын үй сатып алуға болады. Аталмыш жобаға деген сұраныс қандай?
— Былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен әрі тікелей тапсырмасымен Ұлттық қордағы қаражаттың тең жартысы балалардың игілігіне жұмсалатын болды. Дәлірек айт-
қанда, олардың шотына 100 АҚШ доллары көлемінде қаржы аударылып, 18 жасқа толған балалар үшін оны баспана жағдайын жақсарту не оқу ақысын төлеуге жұмсау мүмкіндігі жасалды. Жыл басынан бері кәмелеттік жасқа толған
21 мың азамат бұл мүмкіндікті пайдаланды. Павлодар облысы бойынша аталмыш жоба аясында
870 шот ашылды. Бұл да балалардың келешегі үшін маңызды әрі сәтті бастамалардың бірі деп есептеймін. Сондықтан да болар, ата-аналар Ұлттық қордан бөлінген қаржыны да тиімді жұмсауға ниет танытып отыр.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.