Павлодар облысында елді мекендерді жаңғырту бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда жөндеу жұмыстарын қажет ететін нысандар бойынша жұмыс әлі басталмаған. Жоспардың кешіктірілуі салдарынан кейбір жобалар келесі жылға қалуы мүмкін.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың басшылығымен өткен аппараттық жиында аталмыш бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчукт
ың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 15 ауылда жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жалпы сомасы 9,1 млрд теңгеге 56 жоба іске асырылуда. Оның
5,9 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Бірінші жартыжылдықта 2,1 млрд теңге игеріліп, 3 жоба іске асырылды. Тағы 47 жоба бойынша жұмыс басталған. Ал 6 жоба әлі қолға алынған жоқ. Келесі жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасымен тағы 15 ауылды қамту жоспарлануда.
— Кейбір ауылдарда бір-екі көрсеткіш бойынша теріс динамика тіркелді. Мұндай жағдай Ақсу қаласындағы Ақжол, Ақтоғай ауданындағы Мүткенов, Аққулы ауданындағы Шарбақты, Май ауданындағы Баскөл, Успен ауданындағы Қаратай ауылдарында тіркеліп отыр. Бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға басқармалар да жұмылдырылуы тиіс. Биыл 6 жоба бойынша жұмыс әлі басталмады. Ақсу қаласы Алғабас ауылындағы мәдени-демалыс орталығы, Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылындағы жарықтандыру желілерінің құрылысы, Ертіс ауданындағы Еңбек, Ертіс және Панфилов ауылдарындағы көшелерді жөндеу бойынша төрт жоба кешіктіріліп жатыр, — деді И.Назарчук.
Аталған мәселе төңірегінде аудан әкімдерінен жауап алынды. Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов Алғабас ауылындағы мәдени-демалыс орталығының құрылысы республикалық бюджеттен трансферттер әлі түспегеніне байланысты басталмағанын айтып, жұмыстарды биыл аяқтауға уәде берді. Бұл құрылыс жұмыстарына жұмсалатын барлық соманың 80 пайызы 433 миллион теңгені құрайды. Ал облыстық бюджеттен бөлінген авансқа мердігер геодезиялық жұмыс жүргізіп, құрылыс материалдарын сатып алған.
Баянауыл ауданының Құндыкөл ауылында дәл осындай жағдай орын алған. Республикалық бюджеттен қаражат болмаған соң аудан әкімі Ардақ Кісентаев жұмысты мердігермен шілде айында бастау туралы ауызша келісім жасаған. Ал Ертіс ауданының Панфилов ауылында көшелерге асфальт төсеуде қиындықтар туындаған. «Нұрал» ЖШС және «Элит Строй» МКК» ЖШС екі мердігер ұйыммен шарт жасалған. Алайда мердігер төрт көше бойынша жұмысты бастамаған. Жоспар бойынша жоба маусым айында орындалуы тиіс еді. Аудан әкімі Болатбек Шәріпов әкімдіктің сотқа жүгінгенін хабарлады. Шешім шығарылғаннан кейін төрт көше бойынша қайтадан байқау жарияланады.
Асайын Қуандықұлы барлық проблемалық нысан бойынша тізім жасауды, олардың іске асырылуын қатаң қадағалауды тапсырды.
— Кейбір аудан әкімдері кезекті еңбек демалысын жоспарлап отыр. Жобаларды жолда қалдырып, қалай демалысқа барасыздар? Жұмыс аяқталмай, ешкімге демалыс берілмейді. Әкімдердің әрқайсысы барлық нысандардағы жұмыстың іске асырылуын қатаң бақылауда ұстауы тиіс, — деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары, Ақтоғай ауданының әкімдеріне 2023 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтауды тапсырды.
Айдана ҚУАНЫШЕВА