Баянауыл ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, жергілікті халықтың жайлы өмір сүруі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алайда тұрғындарды толғандырған мәселелер әлі де жоқ емес.

Бұл жөнінде аудан әкімінің ауыл жұртшылығымен өткен кездесуінде белгілі болды. Аудан басшысы Ардақ Кісентаевтың айтуынша, осы күнге дейін сумен қамтуда бірқатар қиындықтар орын алған. Бүгінгі күні бұл мәселе оң шешімін тауып, Баянауыл ауылындағы су құбыры тартылмаған аумақтарда жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, Жаяу Мұса көшесінде балалар алаңы орнатылып, бүлдіршіндер игілігіне берілген. Жол жөндеу жұмыстары да кестеге сәйкес жалғасуда. Жасыбай мен Жасыбай-Торайғыр көліне кіреберістегі автомобиль және ауылішілік жолдар жөнделуде. Бұдан бөлек, өңірде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы сәтті жүріп жатыр. Ауданда атқарылған жұмыстар үшін алғыс білдірген тұрғындар ендігі кезекте жарық және санитарлық тазалық мәселесіне мән беруді сұрады. Аудан әкімі аталған сұрақтар бойынша жауапты мекемелерге тапсырма беріп, өз бақылауына алатынын мәлімдеді.

 

Н.АҚЫТЕГІ.