Аудан депутаттары мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мәселесін қарады. Отырысқа денсаулық сақтау, білім беру бөлімдерінің басшылары  қатысты.

Аудандық орталық ауруханада мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуда  дәрігерге дейінгі қаралу кабинеті, флюорография, физиотерапия, психолог кабинеті жұмыс істейді. Аудан тұрғындары жыл сайын жоспарлы түрде скринингтен өтіп, қажетті ем-шараларды қабылдайды. Есепте тұрған науқастар стационарда,  шипажайларда емделеді. Оңалту шарасынан өтетін мүгедектігі бар азаматтар протездік-ортопедиялық көмекпен, арбалармен, ымдау тілін меңгерген маман қызметімен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Олардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін пандустардың жағдайы тұрақты негізде тексеріліп отырады.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, ерекше күтімді қажет ететін 18 жасқа толмаған 151 бала бар. Оның ішінде 79 бала мектеп жасында, 31-і мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Барлық оқушы жаңартылған мазмұндағы оқу жоспарымен білім алады.

Жиын барысында мамандар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін туындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Бұл ретте ерекше күтімді қажет ететін балаларды шипажайларға жіберу, арнайы медициналық әлеуметтік тексеру кезіндегі қиындықтар, аудандық ауруханаға қажетті жабдықтарды алу бойынша сауалдарын жолдады.

Отырыс қорытындысы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік жағдай жасауда жұмысты күшейту тапсырылды.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.