Екібастұз қаласында тағы да төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы, соңғы уақытта кеншілер шаһарында мұндай жағдай жиі орнай бастады. Жергілікті билік мұны инфрақұрылымдық жүйені жаңартуға бағыт-талған жұмыстармен байланыстырады.
Екібастұз қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссиясы кезектен тыс отырысы барысында «Energy Solutions Center» ЖШС-де орын алған апаттық жағдайға байланысты Екібастұз қаласында объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау туралы шешім шығарды. Тиісті ақпарат ашық НҚА порталында жарияланды.
Бұл кәсіпорын «Самұрық-Энерго» АҚ компаниясына қарайды. Таяуда ғана кеншілер шаһарындағы жылу-электр орталығын осы компания сенімгерлік басқаруға алған болатын.
«Самұрық-Энерго» АҚ жүргізген аудит нәтижесі бірнеше қазандық агрегатын жөндеу керек екенін көрсетті. Атап айтқанда, №5 қазандық агрегатын күрделі жөндеуден, №9 қазандық агрегатын ағымдық кеңейтілген жөндеуден өткізу қажеттілігі туындап отыр. Сол сияқты былтыр маусымаралық кезеңде №12 қазандықтың негізгі және қосымша құралдарының 80 пайызы жөнделген еді. Биыл анықталған технологиялық ақау-
ларды ескере отырып, қалған құралдарды да жаңарту міндеті тұр. Бұл мақсатқа қажет қаражат компания қазынасынан қарастырылады. Бірақ станция басшылығы нақты қанша сома бөлері әзірше белгісіз.
— «Самұрық-Энерго» АҚ-нан Екібастұз қаласының әкімдігіне түскен өтініш бойынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жөнде-летін объектілерді алдағы жылыту маусымына уақытылы тапсыру әрі жыл бойы үздіксіз ыстық сумен қамтамасыз ету үшін техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады Екібастұз қаласының әкімдігі.
Айта кетейік, былтыр кеншілер шаһарындағы жылу-электр станциясында 10 қазандықтың сегізі күрделі жөндеуден, қалған екеуі ағымдық жөндеуден өткен еді.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.