Инвестор тарту арқылы үлкен жобалар жүзеге асып, тұрақты жұмыс орындары ашылатыны белгілі. Бұл ретте, Екібастұзда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.
Бүгінде көмірлі шаһарда екі ферроқорытпа зауыты салынып жатыр. Бұл шаһарда техникалық кремний зауытының жобасы да жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, ірі жобалардың қатарына ГРЭС-2 кәсіпорнындағы үшінші энергоблоктың құрылысы, ГРЭС-1 кәсіпорнындағы бірінші энергоблокты жөндеу жобалары кіреді.
Инвесторлардың Екібастұз қаласын таңдауы бекер емес. Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда бүкіл Қазақстандағы энергияның 40 пайызы өндіріледі. Көмірлі шаһардағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станциялары Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып саналады.
Ферроқорытпа зауыты сәтті іске қосылса, жылына 240 мың тонна ферросилиций өндірілмек. Барлық өнім экспортқа шығарылып, 50-ден астам елге жөнелтіледі деп жоспарлануда. Жалпы инвестиция көлемі – 92 млрд теңге. Зауыт Екібастұз қаласын кешенді дамыту бағдарламасы шеңберінде салынуы тиіс. Құрылыс кезінде 1500-ден астам жұмыс орны, ал іске қосылғаннан кейін 800 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Букаевтың айтуынша, өңірде шағын және орта бизнесті дамыту шаралары да жалғасуда. Бұл ретте, кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиені кепілдендіру сияқты қолдау қарастырылған. Екібастұз ауылдық аймағы бойынша жыл басынан бері жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын 113 жобаға жоғарыда аталған қолдау көрсетілген.
– Өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмыстары да жалғасуда. Күн сайын дүкендерде мониторинг жүргізіледі. 18 дүкенге өнімдер тұрақтандыру қорынан жеткізіледі. Жыл басынан бері шамамен 40 тоннаға жуық өнім дүкендерге жөнелтіліп, бұл шара әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Әр апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылатынын атап өткен жөн, – дейді Ринат Букаев.
Оралхан ҚОЖАНОВ