«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шалғайдағы елді мекендердің еңсе тіктеуіне оң ықпал етіп келеді. Мәселен, Успен ауданына қарасты Тимирязев ауылында биыл мемлекеттік бағдарлама аясында көп жылдан бері жөндеу көрмеген ауылдық мәдениет үйі жөнделді.
Мәдениет ошағының қасбеті ауыстырылып, көрермен залы қажетті жабдықтармен жарақталды. Атап өтсек, ғимараттың қасбеті металл қаптамамен қапталып, пандус, өрт дабылы, тротуарлар мен қоршаулар орнатылды. Сондай-ақ, өнер ордасы жаңа жиһаздармен толығып, сахна жаңартылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 168 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Айта кетейік, бұл мәдениет мекемесінің іргетасы қаланғалы
40 жылдай уақыт болған. Соңғы рет тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Алайда бұл уақытқа дейін мәдениет үйінің жағдайы көңіл көншітпеген. Жаңарған мәдениет ошағының ендігі тынысы көптің көңілінен шықпақ. Бұл жерде жаңа үйірмелер мен жарқын жобалар іске қосылып, өнерге жаны құмар жандар үшін барлық жағдай жасалады.
— «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың ауыл-аймақ-тарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Успен ауданында бірқатар әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Мысалы, сонау 1985 жылы салынған Тимирязев ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу қажет болған. Бұл мақсатта облыстық бюджет қаражаты есебінен 168 млн теңге бөлінді. Мердігер ұйым толық көлемде жөндеу жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлады аудандық әкімдік өкілдері.
Ауыл-аймақта жасалып жатқан мұндай игі бастамалар жергілікті жұртшылықтың көңілінен шығып жатқаны сөзсіз.
— Биыл ауданның әлеуетін жақсарту мақсатында шалғай ауылдардың көшелеріне асфальт жабындысы төселіп, мектеп пен мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтуде. Барлық ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз. Біз үшін мәдениет үйін жөндеу – маңызды оқиға. Шағын ауылымыздың ұмыт қалмағаны қуантады. Мәдениет үйіміз ешқашан мұндай әдемі болған емес, – деп атап өтті көпбалалы ана, медбике Жанар Тембаева.
А.МҰҚЫШЕВ.