«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының игілігін көп кешікпей павлодарлық оқушылар да көретін болады. Аталған бағдарлама аясында биыл жыл соңына дейін облыс орталығында 2 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда қос мекеменің құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Солардың бірі – Павлодар қаласының Гагарин көшесінде бой көтеріп жатқан мемлекеттік тілде оқытатын №47 мектеп. Бүгінде 600 оқушыға лайықталған бұл ғимараттың бірінші қабатының кірпіштері толығымен қаланып бітіп, монолит құю жұмыстары жалғасуда. Ары қарай екінші қабаттың қабырғасы қаланбақ. Бас мердігер компания «Vent Karkara Servis» ЖШС-нің жоба жетекшісі Нұрбек Жағыпардың айтуынша, мектеп төрт қабаттан тұрады. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларының сыныптары жеке орналасады. Сондай-ақ, мұнда 2 спортзал, 1 мәжіліс залы,
1 үлкен асхана, медициналық, музыкалық кабинеттер мен заманауи сыныптар болады. Жаңа мектеп компьютер, ноутбук, интерактивті тақта, спортзал, химия және физика пәндеріне арналған зертханалармен толық қамтамасыз етіледі.
— Біз білім ордасының құрылысын әбден аяқтап, оқуға қажетті жиһаздармен, техникалық құралдармен жабдықтап береміз. Яғни, жаңа мектепті пайдалануға сақадай сай етіп тапсырамыз. Жоспар бойынша білім беру мекемесі биыл 15 желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Белгіленген уақытта жұмысты аяқтауға тырысамыз. Қазіргі таңда осында
58 адам таңнан кешке дейін демалыссыз еңбек етуде. Олардың қатарындағы 30 азамат кірпіш қалайды, 11 адам монолит құю аумағында жұмыс істейді, ал өзгелері қоспаларды дайындау, басқа да шаруалармен айналысуда. Жұмысшылардың көбі — павлодарлық тұрғындар. Арасында 10-ға жуық астаналық азамат бар. Тағы бір атап өтерлігі, құрылысқа отандық материалдарды пайдаланудамыз, — дейді Нұрбек Қонысбекұлы. Оның сөзіне қарағанда, көп кешікпей кәріз жүйесін тарту жұмыстары да аяқталады.
Павлодар қалалық білім беру бөлі-мінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, бұл мектепте «Сарыарқа» шағын ауданында тұратын балалар және №4, №24 мектептердің кейбір оқушылары білім алатын болады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Достық шағын ауданында 1200 орындық тағы бір білім ордасы бой көтеруде. Үш қабаттан тұратын үлкен мептепте оқу сыныптарынан бөлек мәжіліс залы, бір уақытта 300-ден астам бала тамақтанатын ауқымды асхана, 2 спортзалы, кітапхана, мәжіліс залы, медициналық кабинет салынбақ. Сонымен қатар, мектеп аумағында футбол, баскетбол және хоккей алаңдары, тренажерлар мен жүгіруге арналған жолдар болады деп жоспарлануда. Бас мердігер — «Ай-Су Мелиорация» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталмақ.
Атап өтерлігі, ағымдағы жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша
еліміздің түкпір-түкпірінде 217 мектеп салынып, тұсауы кесілмек. Соның нәтижесінде өңірлерде үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі толығымен оң шешімін таппақ. Сондай-ақ, отандық білім беру қызметтерінің сапасын арттырып, жүздеген білім ордасының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға да мол мүмкіндік тумақ.
Қуантарлығы, «Жайлы мектеп» жобасының сыйы мұнымен ғана шектелмейді. Келесі, яғни 2025 жылы аймағымызда тағы да 3 мектептің құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде. Бұл білім ордалары Павлодар қаласындағы оқушы орындарының тапшылығы бар «Жастар», «Усолка» және «Шығыс» шағын аудандарында ашылатын болады.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.