Өткен жылы облыс орталығы маңындағы Павлодар ауылында орталық су құбыры іске қосылған болатын. Алайда бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысы ауданындағы 41 үй жүйеге әлі қосылмаған.

Осы аумаққа желілерді тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Қаржыландыру мақұлданса, қалған үйлерге келесі жылдың соңына дейін су берілмек.

Павлодар ауылының әкімі Аманбек Ұнатұлының сөзінше, биыл ауыл әкімдігі аталмыш елді мекен сыртындағы қоқыс полигонын тазартып, оны қоршауға кірісуде.

— Қалаға жақын орналасқандықтан, біздің полигонға қоқыстарды Павлодардан әкелетіндер бар. Себебі бұл мәселе ешкімнің бақылауында болмады. Биыл біз онда модульдік күзет бекетін орнаттық. Енді аталмыш полигон тек ауыл тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарын қабылдайды. Қазір қоршау орнатуға конкурс өткізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін ауылдық полигон аумағын сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырмыз. Мұнда ауыл тұрғындарынан қоқыстар тегін қабылданады. Кәсіпкер қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу арқылы табыс табады. Келісімшартымыз бар, – дейді ауыл басшысы.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың соңында Павлодар ауылында жаңа мәдениет үйі бой көтерді. Бүгінде аталған мәдени ошақта сегіз клуб жұмыс істейді. Сондай-ақ, жақында жергілікті мектептің кітапханасында ашылған коворкинг орталығы да әдеби-мәдени, рухани бағытта жүйелі жұмыс жасауда. Биыл бұл мектептің алаңына екі заманауи ойын алаңы орнатылып, тағы үшеуі күрделі жөндеуден өтеді.

— Тұрғындардан жаңа балабақша салу туралы өтініштер келіп түсуде. Балабақшаның ескі ғимараты небәрі 140 орынға арналған. Ал біздің ауыл қалаға жақын орналасқандықтан жыл сайын тұрғындардың саны өсуде. Сол себепті бүгінгі таңда балабақшада орын тапшы. Бұл сұранысты білім бөліміне жолдаймыз. Мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз, — деп баса айтты ауыл әкімі.

Сонымен қатар, Аманбек Ұнатұлы атап өткендей, Павлодар ауылындағы 69 шақырым жолдың 28 шақырымына ғана асфальт төселген. Бүгінде 25 көшенің жобалық-сметалық құжаттамасы
бар.

— Қазір жобалар сараптамадан өтіп жатыр, келесі жылы бюджеттік өтінім береміз. Егер жолдарды толығымен асфальттасақ, асфальт төселген көшелердің үлесін 75 пайызға дейін жеткізе аламыз. Барлығы 1,3 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асатын 29 көшеге профильдеу жұмыстарын жүргіздік. Қазірдің өзінде бес көшеге асфальт төсеу, 20 жол белгісі, сегіз жасанды жол өркеші мен жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталды, — деді ауыл әкімі.

Ауылда электр қуатын өшіру
мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Ауа райының қолайсыздығы кезінде ауыл тұрғындары жиі электр қуатынан ажырап, шағым түсіретін.  Мәселен, жыл басынан бері мұндай 15 апатты өшіру тіркелді.

– Ауылда барлығы 66 трансфор-маторлық қосалқы станция бар. Оның 27-сі әкімдіктің балансында болса, 24-і облыстық электр станцияларының меншігінде. Қалған қосалқы станциялар жекеменшікке тиесілі. Биыл бюджеттен қосымша 5,4 миллион теңге бөлініп, оған 27 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысы ауданында тағы бір қосалқы станция салып жатырмыз. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, — деді Аманбек Ұнатұлы.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.