Ауданда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жайсыз отбасыларды анықтау бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда.

Аудандық білім беру бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жергілікті Отбасыларды қолдау орталығы аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың мәселесін ерекше назарда ұстайды. Отбасында қиын жағдайға тап болған балаларға психологтар көмекке келеді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Жұматаев ауданда аз қамтылған отбасыларды анықтайтын 10 топ жұмыс істейтінін айтады. Бұл ретте 2 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, тағы екі отбасы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Баспанасы апаттық жағдайда деп танылған отбасылар пәтер кезегіне қойылған. Сонымен қатар, еріктілер 3 отбасыға жәрдемдескен. Мамандар аз қамтылған және қылмыстық-атқару жүйесінде есепте тұрған отбасыларды тексеріп тұрады.

— Аудандық полиция бөлімінің мамандары жайсыз отбасылардың жағдайын үнемі қадағалап отырады. Бұл ретте 60 рейдтік шара жүргізілді. Сонымен қатар, түнгі уақытта көше кезіп жүретін балаларды анықтау мақсатында осындай жұмыс жиі өткізіледі. Аудандық білім беру бөлімімен бірлесіп, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша 400-ге жуық дәріс тыңдалды, — дейді Ж.Жұматаев.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.