Әлеуметтік желіде балабақша-дағы балалардың үстіне кереует құлаған видео тез тарады. Осы мәселеге қатысты алғашқы сот отырысы өтті.

Тәрбиешіге қатысты іс Павлодар облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандан-дырылған ауданаралық сотында қаралды.

Іс материалына сүйенсек, оқиға 29 ақпан 16:50-де «Точка роста» жеке меншік балалар орталығында орын алған. Сол сәтте бөлмеде 14 тәрбиеленуші, тәрбиеші және оның көмекшісі болған.

– Балалар тәрбиешінің бақылауынсыз кереуеттің шетін ұстап, оны өздігінен тарта бастаған. Сол сәтте кереуеттің жоғарғы бөлігі үш бүлдіршінге құлаған. Салдарынан балалардың біреуінің оң жақ иығы мен мойны сынып, орташа дене жарақатын алған. Бүлдіршін облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жат-қызылған, – деді Павлодар прокурорының орынбасары Марат Әлкенов.

Жарақат алған баланың анасы Ақмарал Жұматаева ұлының басына түскен соққы салдарынан түнде шошып оянатынын айтады.

– Дәрігерлер инъекция мен дәрі-дәрмек қабылдамасақ эпилепсия ауруына шалдығуы мүмкін екенін айтады. Қазір невропатологтың есебінде тұрмыз. Орталықтағы оқиғадан кейін баламның бойында қорқыныш пайда болды, ол кереуетте жатудан қорқып, еденде ұйықтап жүр, – деді Ақмарал Жұматаева.

Анасының сөзінше, оқиға орын алғаннан кейін тәрбиеші де, директор да бақшада болған жағдайды айтпаған. Анасы баланы алуға сағат 18.30-да келген. Тәрбиеші ана мен баланы «бәрі жақсы» деп шығарып салған.

– Мен баланы үйге алып кетуге келген кезде оның мазасызданып тұрғанын байқадым. Бірақ сол кезде балабақшада қандай да бір жағдай орын алды деп ойламадым. Маған ешкім ештеңе айтпады. Балам үйге келгенде қолының ауырып тұрғанын айтып, жылай бастады. Сол кезде тәрбиешіге хабарласып, не болғанын сұрағанда ғана ол баламның үстіне кереует құлағанын айтты. Баламды дереу ауруханаға апардым. Өкініштісі, орталық қызметкерлері, басшылығы өз кінәләрін мойындамайды. Мен әділ шешім болғанын қалаймын, – деді жәбірленушінің анасы.

Видео кадрларында үш қабатты кереуеттер қабырғаға бекітілмегенін көруге болады. Бұл уақытта тәрбиеші мен оның көмекшісі ойыншықтар жинап жатқан.

– Мен балалардың кереуетті қалай шайқап тұрғанын да, оның қалай құлағанын да байқамадым. Тарс еткен дауысты естігенде бірден балаларға жүгірдім. Кереуетті көмекшімен көтеріп, балаларды қарап шықтым, оларды тыныштандырдым. Содан кейін бірден директорға барып, не болғанын айттым. Кереуеттердің қабырғаға бекітілмегенін білген жоқпын. Директор камераны қосып, осы сәтті қарағанда маған ешкімге ештеңе айтпауды, ата-аналарына хабарламалауды тапсырды, – деді тәрбиеші.

Сотталушы «Балапан» тобының тәрбиешісі болып орталықта шамамен бір жыл уақыт жұмыс істейді. Оған екі мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе «Міндеттерін тиісінше орындамағаны» үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.